|
10.05.2024 | 15:24
319

Қазақтың маңдайына біткен ұлы тұлғалар ұмытылмайды

Майдангер жазушылардың отбасын құттықтады

Қазақтың маңдайына біткен ұлы тұлғалар ұмытылмайды Аlmaty.tv

Қазақстан Жазушылар одағы  Басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов бастаған зиялы қауым өкілдері қазақтың маңдайына біткен ұлы тұлғалардың жарын 9 мамыр Жеңіс күнімен құттықтап қайтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

 

Ұлы Отан соғысының ардагері, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті ақын Жұбан Молдағалиевтің жары София әжейге Жеңіс күні мерекесімен құттықтап, ерекше құрмет көрсетілді. 

- Қазақтың көрнекті  4 жазушысының үйіне барып, олардың жарлары мен қыздарын құттықтап шықтық. Жұбан Молдағалиевтің үйінде София апайды құттықтадық. Ол кісі келер жылы 95 жасқа толады. Әди Шәріпов ағамыздың үйіндегі Клара апайды құттықтадық, ол кісі де 84 жаста. Сонымен қатар Бауыржан Момышұлы бабамыздың келіні Зейнеп апайды құттықтап шықтық, - деді Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов.

Қаламынан талай құнды дүниелер жарық көрген Ұлы Отан соғысының ардагері, даңқты жазушы Әди Шәріповтың жары Клара апайдың да бұл күні мерейі тасыды. Шаңырағына бас сұққан жазушылар Шәріповтың рухы еш уақытта ұмытылмайтынын тағы бір мәрте жеткізді.

- Қазір Сырбай Мәуленов атындағы көшеде Қазақстанның талай жазушылары өмір сүрген үйдің қасында тұрмыз. Бұл  жерде Әбу Сәрсенбаев, Мұқағали Мақатаев, Тынышбай Рахымов, Кәдірбек Сегізбаевтар тұрған. Осы киелі жерде Әбу ағаның қызы 94 жастағы Райхан апайды құттықтаймыз. Соғысқа қатысқан жазушылардың түтінін түтеткен адамдарды бір құттықтап, батасын алып, ықыласын тыңдап, тілектерін тыңдап кетейік деп кірдік, - деді Мереке Құлкенов.

Аты аңызға айналған атақты батыр, жазушы Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп апайдың жайылған ақ дастарханында жазушылар тұрақты қонақ. Жылы жүзбен, ескі дәстүрше бұл жолы да Зейнеп апай оларды қарсы алды. Сонымен қатар мереке күні Қазақстанның халық жазушысы Әбу Сәрсенбаевтің қызы Райхан апаға да құрмет пен сый-сияпат жасалды.

Майдангер жазушылардың жұбайларына құттықтау рәсіміне Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасарлары Қасымхан Бегманов, Ғалым Қалибекұлы, Жазушылар одағының хатшысы, бас есепші Гаухар Жұмақұлова, Төрағаның қоғамдық кеңесшілері Әміржан Қосанов пен Қанат Сәнік, жазушы Болатбек Төлепбергенұлы және бір топ журналистер қатысты.

Оқи отырыңыз: Алматыда Рақымжан Қошқарбаевтың 100-жылдығына арналған көрме ашылды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир