Алматы музейінде жеңіс туын тіккен халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай «Ерліктің өшпес даңқы» атты көрме өтіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Экспонаттар Қазақстан Республикасының Қарулы күштер әскери-тарихи музейі мен Алматы музейі қорларынан алынған. Онда Ұлы Отан соғысы батырларының фотосуреттері, құжаттары мен марапаттары, соғыс кезіндегі қару-жарақтар бар.
Сондай-ақ Кеңес Одағының батыры, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов және 1945 жылы Жеңіс шеруіне қатысқан, Қазақ КСР Ішкі істер министрі — Андрей Георгиевич Платаевтың әскери киімдері мен медальдары да көрме экспозициясына қойылды.
– Көрмеде батырлардың соғыс жылдарындағы атқарған еңбегі, Иван Бабинге арналған мақалалардан тұратын 300-ге жуық материал және шетелдегі кітаптарды қамтыдық. Сонымен бірге неміс, ағылшын тіліндерінде жарияланған қазақстандық батырларға арналған ескерткіштер көрсетілген альбомдар қойылды, – деді ҚР Ұлттық кітапханасының қызметкері Әйгерім Байсымақова.
– Ерлікпен қаза болған жауынгерлерді еске алу, олардың рухына тағзым ету – парыз. Өйткені сол батырлардың арқасында бақытты ғұмыр кешіп жатырмыз, – деді Р. Қошқарбаевтың қызы Әлия Қошқарбаева.
Көрме 13 мамырға дейін жалғасады.
Оқи отырыңыз: Алматыда үй жануарларын тегін піштіру және зарарсыздандыру бағдарламасы басталды