Алматыда құрамы қайта жаңаратын қалалық Қоғамдық кеңеске мүше болғысы келетіндер көп, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Үміткерлерден құжат қабылдау жұмысы белсенді жүріп жатыр. Қазірдің өзінде 88 адам кеңестің өкілі болуға өтініш білдірген. Кандидаттар іріктеу кезеңіне өту үшін жеке куәлігін, сотталмағаны және психикалық денсаулығының дұрыстығы туралы құжат ұсынуы керек. Сондай-ақ тиісті арыз жазып, өзі туралы мәлімет беруі шарт. Құжаттар 19 сәуірге дейін қабылданады. Өтінішті Жароков көшесі 215 мекенжайына жолдауға болады.
«Өзімді ұсынып жатырмын. Көптеген қайырымдылық қорының мүшесімін. Қоғаммен белсене арласамын. Сондықтан шешілмеген сұрақтарды өз тарапымыздан қойып, бірлесіп шешуге атсалысып жатырмын. Алматы – үлкен қала», – деді үміткер Сырымбек Тау.