Алматыда санақ қызметкерлерін қабылдау басталды

11.05.2021 20:49

Қазақстанда 2021 жылдың 1 қыркүйегінен 30 қазан аралығында кезекті ұлттық халық санағы өтеді

Фото: bizmrg.com

Қазақстанда 2021 жылдың 1 қыркүйегінен 30 қазан аралығында кезекті ұлттық халық санағы өтеді. Соған байланысты Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Алматы қаласы бойынша департаменті өтеулі қызмет көрсету шарты бойынша санақ персоналын іріктеу туралы конкурс жариялайды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Өтеулі қызмет көрсету шарты бойынша 1 кезеңнің санақ персоналын іріктеу туралы конкурс жарияланады.

Кезекті халық санағын жүргізуге 48 нұсқаушы-бақылаушы мен 618 тіркеушілер қажет.

Нұсқаушылар 2021 жылғы мамыр-шілде аралығында еңбек етсе, тіркеушілер 2021 жылғы 1 маусымнан бастап 30 маусымға дейін жұмыс атқарады. Осы уақыт аралығына олардың лауазымдық жалақысы сәйкесінше 125 000 теңге мен 83 000 мың теңгені құрайды.

Қызметке үміткердің кәсіптік білім деңгейіне қойылатын талаптар: жоғары, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жалпы орта білім.

Жұмыс өтілі бойынша талаптарды қойылмайды.

Жеке құзыреттеріне қойылатын талаптар: талдамалық пайымдау, ықпал ету, командада жұмыс істеу, қарым-қатынас құру, ауызша және жазбаша коммуникация, жауапкершілік, әдептілік нормаларын ұстану, әдістемені игеру, нормативтілік, нәтижеге бағдарлану кіреді.

Анықтама алу үшін Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Алматы қаласы бойынша департаментіне жүгіну керек, мекенжай – Абай даңғылы, 125, 050008, телефон – 8 (727) 330-89-16, 8 (727) 375-21-88, электронды пошта – almatystat@mail.ru .