16 ақпанда сағат 07:30-дан бастап Алматы қаласында алдымен жауын жауып, оның арты қарға ұласты. Сағат 12:00-дегі жағдай бойынша қалаға 7 см қар жауды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қар тазалау үшін 483 бірлік арнайы техника мен 1180 жол жұмысшысы жұмылдырылды. 176 құм таратқыштың күшімен көктайғаққа қарсы материалдар (КҚМ) себіледі. Сағат 12:00-дегі жағдай бойынша 1120 тонна КҚМ пайдаланылды.
Сағат 12:00-ден бастап жол полициясының патрульдік машиналарының сүйемелдеуімен, 11 колоннаның күшімен қарды тазарту ұйымдастырылды. Тротуарларды қардан тазартуға 174 шағын габаритті техника жұмылдырылған. Олар тротуарларды, жалпы пайдалану орындарын және әлеуметтік маңызы бар объектілерге кіреберістерді қардан тазартуда.
Қоғамдық көлік аялдамалары мен жерүсті жаяу жүргіншілер өткелдері қолмен тазартылуда. Аудан әкімдіктерінде жұмыс өндірісін бақылау бойынша тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды.