Алматының Әуезов ауданында жұмыспен қамту кеңсесі ашылды

20.08.2020 20:35

Орталықта қандай бос жұмыс орындары бар?

Аlmaty.tv

Бұдан былай Әуезов ауданы тұрғындары үшін жұмысқа орналасу әлдеқайда жеңілдей түсті. Ол үшін әкімдік ғимаратынан жұмыспен қамту кеңсесі ашылды. Енді екі қолға бір күрек сұрай келгендер «бір терезе» қағидаты бойынша бар шаруасын бітіре алады. Арнайы маманнан кеңес алып, өз икеміне қарай жұмысқа орналасуына болады. Орталықта қандай бос жұмыс орындары бар? Керекті құжаттың тізіміне не кіреді?  Толығырақ Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын тарқатады.

Жұмыспен қамту кеңсесі маусым айының аяғында ашылған. Орталық Әуезов ауданы әкімдік ғимаратының ішінде. Мамандардың айтуынша, күніне 30-40 адам тіркеліп, ақпарат алады екен. Шағын бөлменің ішінде банктік қызмет те көрсетіледі. Жұмысқа қабылданған азамат аз уақыттың ішінде осы жерден есепшот ашып, шаруасын жылдам бітіре алады.

«Өздеріңіз білетіндей, қалалық жұмыспен қамту орталығы Назарбаев 50 мекенжайында орналасқан. Біздің ауданымыздың тұрғындары ол жаққа барып кезекке тұрып, қағазбастылыққа салынбас үшін осындай кеңсе аштық. Тұрғылықты тіркеуі бойынша азаматтар осында келіп ақпарат ала алады. Жұмыспен қамту орталығының әкімдік ішіндегі кеңсесі жұмыс күндері таңғы сағат 09.00-дан кешкі 18.00-ге дейін үздіксіз қызмет етеді», – деді Әуезов аудандық әлеуметтік сала бөлімінің бас маманы Әсел Жүнісова.

Любовь Панкратова – бұған дейін әр жерде түрлі қоғамдық жұмыс істеген. Сол себепті де тұрақты жұмысқа орналасуы қиын болғанын айтады. Әкімдікте арнайы кеңсе ашылғанын естігеннен кейін бірден орталыққа келіп тіркеліп, жұмысқа тұруға жолдама алыпты. Қазір жұмыспен қамту орталығының қолдауымен гүлзар болып еңбек етіп жүр.  

«Екі ай жұмыссыз жүрдім. Әкімдікте осындай кеңсе ашылғанын естіп бірден келдім. Өзіме табиғат аясында жүріп гүлдерді баптап өсірген ұнайды. Айлығы да уақытылы. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамын», – деді қала тұрғыны Любовь Панкратова.

Бұдан бөлек, шағын орталықта оқуын жаңа бітіргендер үшін де жастар іс тәжірбиесі бағдарламасы қарастырлған. Бүгінге дейін аудандағы 130 жас маман түрлі салада өз бақтарын сынап жүр. Олар өз саласында тәжірбие жинай жүріп, жалақы да ала алады.

«Жастар іс тәжірбиесі бойынша жұмыс ұсынды. Қазір мен кадр бөлімінде жұмыс атқарамын. Құжаттарға келетін болсақ, дипломның және төл құжаттың көшірмесі және есеп шотының анықтамасы болуы керек. Ешқандай қиындықсыз осы қағаздарды жинап, жұмысқа тұрып кетуге болады», – деді жас маман Альбина Максимова.

Әуезов ауданы бойынша 2 мыңнан астам азамат істерге іс таппай жүргендердің қатарында. Олардың 1400-і қазір жұмыспен қамту орталығынан жолдама алды. Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта әкімдік жанынан ашылған арнайы орталық біраз адамның еңбекпен қамтылуына себепші болмақ.