Бір жарым сағатқа созылған кездесуге 200-ден аса аудан тұрғыны қатысты
Биыл Алматының 220 көшесінде ұзындығы 200 шақырымдық жол жабыны орташа жөндеуден өтеді. «Ұсынылған 26 жобаның мақсаты – мегаполистегі инфрақұрылымның сапасын жақсарту». Бұл туралы қала әкімі Әуезов ауданы тұрғындарымен кездесу барысында атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тұрғындар көтерген мәселенің бірі – инженерлік желі мен жол инфрақұрылымының сапасы. Мегаполис басшысы Ерболат Досаев бүгін осы аталған салаларға қатысты сан сауалға жауап беріп, Әуезов ауданының азаматтарын тыңдады. Ауданда қауіпсіздікке көп көңіл бөлінгенін атап өткен қала әкімі биыл 149 «Сергек» камерасын орнату жоспарланғанын атап өтті.
«№23 тұрғын үйдің бірінші қабатында және жертөледе арзан қонақүй бар. Онда тазалық мүлдем сақталмайды. Лас, қолданылған зиянды зат аулада толып жатыр. Кеше балам «шар тауып алдым» деп, ойнап жүр. ПИК-ке айтсақ, тазалап жатырмыз дейді, бірақ біз байқамадық», - деді қала тұрғыны.
«Бір жыл бұрын хостел мәселесі көтерілген. Бірақ ол – жекеменшік қонақ үй. Құжаттары бар. Қазіргі таңда мораторий аясында тексеріс жүргізе алмаймыз», – деді Әуезов ауданының әкімі Сайран Сайфеденов.
«Сіз жалғыз емессіз ғой, көршілермен бірге шағым жазыңыздар. Мораторий жарияланған, тексере алмаймыз. Бірақ, тұрғындарды аудандық прокуратура қолдауы керек», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Азаматтар айтқан көп арыздың ішінде аула аумағын абаттандыру мәселесі бар. Әуезов ауданындағы 966 ауланың 161-і қайта жаңғыртуды қажет етеді. Бұл бойынша тиісті жұмыс биыл қарашада аяқталады. Ал магистральды көшелердегі үнемі су басып қалатын учаскелер де біртіндеп азайып жатыр. Наурыз айында осындай жеті аумақтың екеуі жөнделді.
«Ақсай -1 шағынауданында №1 тұрғын үйде тұрамын. Тұрғындардың өтініші бойынша келіп тұрмын. Неше жылдан бері жертөлені су басып қалады. ПИК төрағасына айтамыз, алайда олар тек суды құрғатады. Ондағы ескірген құбырларды ауыстыру керек», – деді қала тұрғыны.
«Жөндеу жұмыстарына қаражатты әкім бөле алмайды. Бірақ ПИК төрағасымен бірлесе отырып, мәселенің шешімін қарастырады. Дүйсенбіде тұрғындарды қабылдап, сіздермен кездеседі», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
«Жандосов-Алтынсарин көшелерінің қиылысынан Абай даңғылына дейінгі аралықтағы автобус аялдамалары өте биік орналасқан. Мен секілді мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қоғамдық көлікке отыру қиын. Жауапты басқармаға қанша рет хабарлассақ та, жауап болмай отыр», – деді қала тұрғыны.
Азаматтардың өтініші кездесу барысында осылай жан-жақты қарастырылып, тиісті басқармаларға бағытталды.
Бір жарым сағатқа созылған кездесуге шамамен 200-ден аса аудан тұрғыны қатысты. Мәселе айтылды, талап тыңдалды, жол көрсетілді. Айта кетейік, бұған дейінгі кездесулерде де Әуезов ауданының азаматтары айтқан сапалы су жайы 2024 жылдың соңына дейін шешілетін болды. Мегаполис басшысы 4 учаскеде жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. Демек ауданның 11 мың тұрғыны үшін ауызсу мәселесі шешімін табады.
Мадина Оқас, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы