Елімізде Каспий теңізін зерттейтін институт құрылады

13.04.2023 22:13

Қоршаған ортаға жалпы көлемі 4 млн тоннадан асатын зиянды зат тасталған

Almaty.tv

Соңғы 5 жылда қуаты кетіп, тартыла бастаған қарт Каспий қалпына келтіріледі. Қазір елімізде алып айдын мәселесін зерттейтін арнайы институт құру бастамасы қолға алынған. Экология министрлігінің хабарлауынша, жоспарлы жобаға Қазақстанмен қатар, бірнеше мемлекет жұмылдырылмақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ірілі-ұсақты 130 өзен құятын Каспий теңізі соңғы 5 жылда айтарлықтай тартылған. Жылдан жылға суы азайып келе жатқан алып айдынның мүшкіл халін жақсарту керек деп сарапшылар дабыл қағып келеді. Ең қорқыныштысы, жалғаса берсе, алдағы онжылдықта Аралдың тағдыры қайталануы мүмкін. Мәселеге өткен жылы министрлік кіріскен еді. Биылдан бастап теңіздің мәселесін түбегейлі зерттейтін институт құруды қолға алған.

«Каспий теңізіне құятын ең үлкен өзен – Еділ. Оның да суы азайып кетті. Теңіздің тартылуына негіз болатын фактор көп. Сол үшін Каспийдің мәселесін зерттейтін институт құрылады. Сол институт проблеманы шешудің жолын басқа елдермен бірлесіп пысықтайды», – деді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық саясат және тұрақты даму департаментінің директоры Ақзан Ширанов.

Каспий теңізі ғана емес, қазір елдегі экологиялық ахуал сын көтермейді. Республика бойынша 8 қалада ауаның ластануы жоғары деңгейде. Ондағы көлік қозғалысының көптігі, кәсіпорындағы зиянды қалдықтар экологиялық ахуалды ушықтырып келеді. Атырау аймағында да ауа сапасы нашар. Мұнай мен көгілдір отын өндіретін кәсіпорын көптігінің кері әсері тиіп жатыр. Ақжайықты жайлаған жұрт та таза ауаға мұқтаж. Министр өкілінің айтуынша, өңірлердегі бұл түйткіл 2025  жылға дейін шешіледі.

«Өңірлердің экологиялық мәселесін шешу үшін жол картасы әзірленді. Онда 485 іс-шара көзделген. Барлық іс-шараны халық талқылады. Бүгінгі таңда оның 158-і аяқталды», – деді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Айдар Әбдуәлиев.  

Республика бойынша 45 өнеркәсіптік қала, 10 ірі қала ауаның ластануының жоғары деңгейіне жетіпті. Бұл аймақтарда оттегі құрамынан қатерлі химиялық элементтер көп мөлшерде табылған. Министрлік ақпарынша, жыл сайын ауаға 2,5 миллион тоннадай зиянды зат шығарылады екен. Өткен жылдың өзінде экологиялық заңнаманы бұзған мекемелерден 4,4 миллиард теңге айыппұл өндірілген. Қоршаған ортаға жалпы көлемі 4 миллион тоннадан асатын зиянды зат тасталған.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы