Қала басшысы қазандықтарда, ЖЭО-2-де болды
Алматы әкімі Ерболат Досаев жылыту маусымына дайындық барысымен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жұмыс сапары барысында қала басшысы Ерболат Досаев қазандықтарда, ЖЭО-2-де болды және Алматы әкімдігі басқармалары мен коммуналдық кәсіпорындар басшыларының қатысуымен мегаполисті жылу беру маусымына дайындау мәселелері бойынша көшпелі кеңес өткізді.
Алғашқы обьект Бостандық ауданында орналасқан Оңтүстік аудандық қазандық болды. Ерболат Досаев 200 мың тұтынушыны қамти отырып, қаланың оңтүстік ауданында қазандық қуатын арттыруға және энергия тапшылығын жабуға мүмкіндік беретін ірі жылу магистралін қайта құру барысымен танысты.
Бүгінгі күні 4 қазандықтың 2 қазандығын ауыстыру және 1 қазандықты қайта құру бойынша жұмыстар орындалды. Қала әкімі желілік сорғылар мен №2 қазандық бойынша аяқталмаған жұмыстары жөнінде ескерту берді, энергетика және сумен жабдықтау басқармасы жылу беру маусымы басталғанға дейін жұмыстарды аяқтауы қажет. Ерболат Досаев аудандағы жаңа тұрғын үй құрылысына байланысты қуаттылықтың артуымен Оңтүстік аудандық қазандықты кеңейтуді қарастыруды тапсырды.
Алматы әкіміне «Премьера» қазандығын кеңейту жұмыстарының барысы туралы баяндалды. Жоба 5 қазандық пен қосалқы жабдықты орнатумен жаңа ғимараттың құрылысын қарастырады. Қала басшысы жылу желілерін гидросынау және жөндеу жұмыстары бойынша барлық жұмыстарды ағымдағы жылдың 25 қыркүйегіне дейін жүргізуді тапсырды. Жалпы, екі қазандықтағы құрылыс жұмыстарын келесі жылдың шілде айында аяқтау жоспарланып отыр. Нәтижесінде, қалада жылу энергиясының көлемі едәуір артады, ескі құбырларды ауыстыру ондаған жылдар бойы апат қаупін болдырмайды.
Жұмыс сапары барысында инженерлік желілердің тозуы жоғары екендігі айтылды, оның ішінде электрмен жабдықтау 65%, жылумен жабдықтау 60%, сумен жабдықтау 55,8% және газбен жабдықтау 36%. Дегенмен, инженерлік желілердің тозуын азайту бойынша барлық қажетті іс-шаралар жүргізілуде. Осы бағытта жыл сайын 20 км жылумен жабдықтау желілері, 80 км электрмен жабдықтау, 15 км сумен жабдықтау, 20 км газбен жабдықтау реконструкцияланады және жөнделеді.
Қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін маңызды нысандардың бірі - ЖЭО-2 болды. Жылыту маусымы қарсаңында кәсіпорында энергетикалық генерациялау жабдығына жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
Нысандарды аралағаннан кейін Алматы әкімі көшпелі кеңес өткізіп, оның барысында тұрғын үйлердің, денсаулық сақтау және білім беру нысандарының жылыту маусымына дайындығы, сондай-ақ тұтынушылардың коммуналдық кәсіпорындар алдындағы дебиторлық қарызын бағалау туралы есептерді тыңдады. Қазіргі уақытта Алматыда коммуналдық қызметтер үшін қарыз сомасы 3,2 млрд теңгені құрайды, негізгі борышкерлер жеке тұлғалар болып табылады.
Жалпы, алдағы жылыту маусымына дайындық белгіленген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Алматы әкімі Ерболат Досаев бұл жұмысқа тұрақты бақылауды қамтамасыз ету және бірінші кезекте 31 тамызға дейінгі мерзімде әлеуметтік нысандарды қысқа дайындауды аяқтау қажеттігін атап өтті.