Алматыда жұмыспен қамту бағдарламаларына бөлінетін қаржы ұлғайды

қала әкімдігінің баспасөз қызметі
қала әкімдігінің баспасөз қызметі
Бұл жауапсыз жұмыс берушілерді анықтауға және жаңа 2 мың ұйымға бағдарламаларға қатысуға мүмкіндік берді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда Әлеуметтік қызметтер үйінде қала әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпованың, Қоғамдық кеңес өкілдерінің, үкіметтік емес ұйымдар басшыларының қатысуымен жұмыспен қамту бағдарламаларын іске асыру мәселесі бойынша кездесу өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алматы әкімінің орынбасары осы жылға арналған бағдарламаларды жүзеге асырудың жаңа тәсілдерін түсіндіріп, кездесуге қатысушылардың сұрағына жауап берді.

Негізінен жұмыспен қамту бағдарламалары бойынша жұмыс берушілердің тізбесін қалыптастыру өлшемдеріне, ерекше қажеттілігі бар жандарды жұмысқа орналастыру үшін қосымша жұмыс орындарын бөлуге және жалақыға бөлінетін субсидиялардың мөлшеріне қатысты мәселелер көтерілді.

«Биыл жыл басында жұмыспен қамту бағдарламасын іске асыруға 12 млрд теңге қаржы бөлінді, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40%-ға жоғары, соның арқасында 11,2 мың жұмыс орны құрылады. Қала әкімдігі жұмыспен қамтудың бірде-бір бағдарламасын қысқартқан жоқ. Сонымен қатар «Әлеуметтік жұмыс орны» бағдарламасы бойынша жұмыс орындарының саны 380-ден 500-ге дейін көбейтілді. «Қоғамдық жұмыстар» бағдарламасы бойынша 30%-ға ұлғайып, 8,7 млрд теңге бөлінді», - деді Әсем Нүсіпова.

Алматы әкімі орынбасарының айтуынша, былтыр Жұмыспен қамту бағдарламасының бюджеті екі рет түзетіліп, бірнеше бағыт бойынша едәуір ұлғайған, алайда бұл тәжірибенің даулы тұстары бар еді. Оның айтуынша, биыл да түзетулер болуы мүмкін, бірақ бұл қосымша субсидияланатын жұмыс орындарының қажеттілігін терең талдау нәтижесіне байланысты.

Жалпы, 2024 жылға арналған жұмыс берушілердің тізбесі жұмыс берушілер берген өтінімдер мен жергілікті атқарушы органдардың әлеуметтік пайдалы кәсіптер бойынша қажеттілігі негізінде қалыптастырылды. Оны бекіту кезінде жұмыс берушілердің қатысу жиілігі, электрондық еңбек шарттарын жасасу, жалақы төлеу шарттары мен мерзімдерін сақтау сияқты критерийлер ескерілді. Ашықтықты қамтамасыз ету үшін тізім Еңбек мобилділігі орталығының сайтында (www.ctm-almaty.kz) жарияланған.

«Соңғы жылдардың қорытындысы бойынша жұмыспен қамту бағдарламаларын іске асыруды талдау бір жұмыс берушілерге субсидиялар жиі берілетінін көрсетті. Сонымен қатар жұмыссыздардың тізімі өзгерген жоқ, себебі олар өздерінің біліктілігін арттырып, тұрақты жұмыс орнына орналасқысы келмеді. Осыған орай, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы цифрлық технологиялар арқылы бақылау шараларын күшейтті», - деді әкімнің орынбасары.

Оның сөзінше, жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысушылар үшін «Skills Enbek» порталында онлайн оқыту қарастырылған, бұл олардың мансаптық дамуын ынталандыруға мүмкіндік береді.

Әлеуметтік пайдалы кәсіптер бойынша барлық меншік нысанындағы жұмыс берушілер үшін субсидияланатын жұмыс орындарына өтінімдер осы жылдың қаңтардың соңына дейін қабылданатынын атаған жөн.

Бұл ретте, Әлеуметтік қызметтер үйінде дүйсенбі күні сағат 12:00-де жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының, сонымен бірге, Еңбек мобилділігі орталығының жауапты лауазымды адамдары барлық норманы түсіндіру үшін ҮЕҰ өкілдерімен және жұмыс берушілермен кездесулер өткізеді.

Новости партнеров