Бұдан былай Алматы қаласының тұрғындары сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселесі бойынша «Антикор орталығына» жүгіне алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Өйткені департаменттің жұмысы қаладағы эпидемиологиялық ахуалдың тұрақталғанына байланысты қайта офлайн форматқа ауысты. Бұл өз кезегінде тұрғындармен тікелей жұмыс істеп, нәтижеге қол жеткізуге септігін тигізеді, дейді департамент қызметкерлері.
«Осы жыл аралығында орталыққа 10 мыңнан астам азамат жүгінген болатын. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты сұрақтар осы ғимараттың ішінде шешімін табады. Көбіне көпшілік басқа мемлекеттік органдарға байланысты, соттың құзыретіне байланысты өтініштер түседі. Ол бойынша азаматтарға арызды қалай жазу керегін түсіндіреміз», - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы қаласы бойынша алдын ала бақылау департаментінің басшысы Қанат Сәлімбаев.
Одан бөлек, «Антикор орталығы» болашақ мамандарға арналған ашық есік күнін жариялады. Жоғары оқу орнының студенттері осында келіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандарымен жүздесті. Олар жастардың сұрағына жауап беріп, тың мәліметтерді бөлісті.
«Сыбайлас жемқорлық әрбір салада болады. Сондықтан бізге барлық саладан мамандар керек. Экономист болсын, заңгер болсын, себебі сыбайлас жемқорлық деген, өкінішке қарай, барлық салаға зиян келтіреді. Сондықтан бізге мықты мамандар керек», - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы қаласы бойынша алдын ала бақылау департаментінің басшысы Қанат Сәлімбаев.