Алматыда «Бірыңғай бейнемониторинг жүйесіне» қосылған бейнекамералар саны 30%-ға артады

26.03.2024 20:56

2023 жылы Алматыда алғаш рет барлық мемлекеттік мектеп мен балабақшада кешенді қауіпсіздік жүйесі енгізілді

қала әкімдігінің баспасөз қызметі

Бүгінде Алматыда «Алматы – Смарт-сити» тұжырымдамасы аясында Сингапур, Шанхай, Шэньчжэнь сынды мегаполистерге ұқсас қаланың «цифрлық егізін» іске асыруға негіз болатын үлкен деректерді жинау мен талдау үшін Алматы қаласының Ахуалдық орталығы жобасы жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алматы қаласының Ахуалдық орталығы қала тіршілігінің барлық саласындағы деректерді жинауға, талдауға, халыққа ақпарат беруге және қала билігінің тұрғындардан кері байланыс алуға мүмкіндік беретін 53 модульден тұрады.

Алматы қаласының Ахуалдық орталығының мақсаты сенімді әрі өзекті деректер негізінде қаланың әлеуметтік-экономикалық процесін бақылау, талдау, жоспарлау, оны кейіннен визуализациялау үшін бірыңғай ақпараттық-талдамалық кеңістік құру.

Деректер 50-ден астам ұйымнан, сондай-ақ, мемлекеттік және қалалық ақпараттық жүйелерден (Ұлттық статистика бюросының сайты, «Қылмыстық құқық бұзушылық картасы», «109-қызмет», «Бірыңғай бейне мониторинг жүйесі», «Сергек», «Оңай», Метрополитен, ТЖД және т.б.) жиналады.

2022 жылдың тамызынан бастап Алматыда «Бірыңғай бейнемониторинг жүйесі» жобасы қолға алынған, оның басты міндеті нақты уақыт режимінде бейне аналитика қалыптастыру үшін қаладағы барлық бейнебақылау камерасын бірыңғай платформаға біріктіру.

«Бірыңғай бейнемониторинг жүйесі» жобасы аясында қазір шаһарда барлығы 38 854 бейнекамера орнатылған, ал 2024 жылдың соңына қарай қосылған камера санын 50 000-ға дейін жеткізу, яғни 30%-ға дерлік арттыру жоспарланып отыр.

Бұған қоса, 2023 жылы Алматыда алғаш рет барлық мемлекеттік мектеп мен балабақшада кешенді қауіпсіздік жүйесі енгізілді. Жүйе 4 құрамдас бөліктен тұрады:

• цифрлық бейнебақылау камералары,

• дабыл түймелері,

• өртке қарсы қауіпсіздік жүйелері,

• Face ID қондырғысы бар арнайы турникеттер.

2024 жылдың соңына қарай жүйемен қаланың барлық мемлекеттік денсаулық сақтау нысаны қамтылады.

Айта кететін нәрсе, арқынды дамушы озық технологияларды енгізу деректерді үнемі жаңартып отыруды, тәжірибе алмасуды талап етеді. 2024 жылдың наурыз айында Алматы қаласы әкімдігінің делегациясы цифрлық технология саласында көш бастап тұрған Қытайдың Шэньчжэнь қаласына жұмыс сапарымен барды.

Сапар аясында делегация «Шэньчжэнь қаласының деректерді басқару және мемлекеттік қызметтер бюросына», Шэньчжэньдің «Ақылды қала» технологияларды дамыту тобының Data-хабына, сонымен бірге, Лонгэн ауданындағы Жедел ден қою орталығына ат басын бұрды. Бұл орталықтарда жасанды интеллект элементтерін қолданып, барлық бағытты белсенді дамыту үшін бейнебақылау камералары, заттар интернеті датчиктері (IoT) және гео-кеңістіктік деректер қолданылады.

Әкімдік өкілдеріне цифрлық егізді қала құрылысына, инженерлік инфрақұрылым мен көлік саласында қолданудың нақты мысалдары көрсетілді. Деректерді жинау және талдау, модельдеу мен визуализация және басқару жүйелерімен біріктіру қосқанда, «цифрлық егізді» құру мен қолданудың техникалық аспектілері көрсетілді.

Бұған қоса, делегация «ақылды қалалар» саласындағы озық шешімді зерттеу үшін «Inspur», «Tencent», «Huawei» компаниясының өкілдерімен кездесті. Алматы әкімдігінің делегациясы Шанхайда қаланың цифрлық егіз технологиясына маманданған «51WORLD» кәсіпорнының өкілдерімен жүздесті.

«Цифрлық егізді» құруға арналған озық техникалық құралдарды қолдануды көрсету, осы саладағы өндіруші көшбасшылармен диалог орнату «Алматының цифрлық» дамуына серпін береді.

Сонымен қатар, Алматыдан барған делегация қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу зауытының (Waste to Energy Plant) да жұмысымен танысты.  

Ақылды қалалар саласында тәжірибе алмасу үшін 2024 жылдың екінші тоқсанында Алматыға Шэньчжэньнен делегация сапармен келуді көздеп отыр.

Оқи отырыңыз: Сингапур мен Алматы оқушылардың сауатын арттыруға күш салады