Алматыда аудан әкімдерінің халыққа онлайн есеп беру науқаны жалғасуда. Бүгін кездесудің төртінші күні Бостандық ауданының әкімі Алтай Рахымбетов 2020 жылды қорытындылады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тікелей эфирде үш сағат бойы өткен шара аясында аудан тұрғындары өз сауалдары мен талап-тілегін жолдады. Осы уақыт аралығында халық жиналған арнайы орындардан, телефон, уатсап және әлеуметтік желілер арқылы тұрғындардан 150-ге жуық сұрақ келіп түскен. Әңгіме әлқиссасы аймақты аббатандыру мен жарықтандыру сынды әлеуметтік түйткілдерден басталды.
«Менің сұрағым Центральная көшесіне қатысты. Онда жарық жоқ. Кешкісін балалар мен қарттарға өте қауіпті. Себебі ол көшеде көліктің ағыны үлкен», – деді Бостандық ауданының тұрғыны Венера Бегімбетова.
«Осы жылы қала әкімі барлық көшелерді жарықтандыруды тапсырған еді. Қазіргі уақытта қалаға кейіннен қосылған аймақтарға тиесілі 124 көшеде жарық жоқ. Жыл соңына дейін ауданымыздағы барлық көшеде бағандар орнатылады. Оған сіз айтқан Центральная көшесі де кіреді», – деді Бостандық ауданының әкімі Алтай Рахымбетов.
Айта кетейік, былтыр ауданда 545 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді. Сондай-ақ, 3,4 шақырым су желісі жаңартылып, 128 жеке үй көгілдір отынмен қамтылды. Ал, биыл осындай 158 үй газға қосылады.