Қымбатшылықпен күрес: Алматыда азық-түлік бағасы қалай бақыланады

07.07.2022 20:59

Бұл туралы мегаполис басшысы Ерболат Досаев айтты

Фото: ашық дереккөзден

Алматыда азық-түлік қымбаттап жатыр. Бұл туралы мегаполис басшысы Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Алматыда бағаның жоғары өсу қарқыны сақталып отыр. Жыл басынан бергі 6 айдың қорытындысы бойынша инфляция – 10,3%. Инфляцияның негізгі үлесі бірінші кезекте азық-түлік бағасының өсуі есебінен қалыптасты, ол 16,4 пайызға жетті», – деді Алматы әкімі. 

Оның айтуынша, қант бағасы 2 есе өсіп, қазір 560 теңгеден сатылып жатыр. 

«Бұдан бөлек, пияздың бағасы 156 теңгеге дейін көтерілді. Нан 95 теңге, сүт 18%-ға өсті. Олардың тұтыну бағасының индексіндегі үлесі – 2,2 проценттік тармақ. Жұмыртқа бағасы 0,4%-ке төмендедіп, 460 теңге тұрады», дейді Ерболат Досаев. 

Қазір қалада сиыр еті 2 350 теңгеден саудаланып жатыр. Сары май 5,6 пайызға өсті, келісі – 3 400 теңге. 

«Жеткізу тізбегінің бұзылуы және теңге бағамының тұрақсыздығына байланысты инфляция әлі де жоғарылауы мүмкін», дейді Ерболат Досаев.