Алматыдағы іскерлік белсенділік индексі 4 проценттік тармаққа өсіп, мамыр айының соңында 48,7%-ті құрады
Алматы қаласының әкімдігі Мемлекет басшысының тапсырмаларын белсенді іске асыруда. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ерболат Досаев Еліміздегі аса маңызды саяси оқиға – Алматы қаласы бойынша референдумның нәтижесіне тоқталған әкім алматылықтардың көпшілігі Мемлекет басшысының бастамасын қолдағанын атап өтті. Конституцияға өзгерістер енгізуді халықтың 65,22%-ті қолдап, 32,99% дауыс беруге келген. Сондай-ақ қала экономикасының тұрақты өсуі қамтамасыз етілгенін атап өтті.
«Биыл қысқа мерзімді экономикалық индикатор 107,6%-ке дейін өсті. Осы жылдың басынан бері 16,3 мың жұмыс орны құрылды. 3,3 мың орындық 54 бала бақша ашылды, 45 км инженерлік желі салынды. Газбен жүретін 300 автобус сатып алынды, 145 мың ағаш отырғызылды," - деді қала әкімі.
Биылғы жылдың қыркүйек айына дейін Алматы агломерациясын дамытудың кешенді жоспары әзірленеді. Бұл жоспарда мегаполис пен Алматы облысы синергиясының жобалары айқындалатын болады.
«Өңдеу өнеркәсібі (+18,3%), құрылыс (+21,8%), көлік (+18,4%), байланыс қызметтері (+8%) экономиканың өсу драйверлеріне айналды. Жоғары инвестициялық белсенділік байқалады, жыл басынан бері негізгі капиталға салынатын инвестициялар 20,9%-ке өсті. Қала экономикасының негізгі саласы – сауда жыл басынан бері алғаш рет 1,7%-ке өсіп, «оң аймаққа» шықты»,- деді қала әкімі.
Осы жылдың 5 айында Алматыдағы іскерлік белсенділік индексі 4 проценттік тармаққа өсіп, мамыр айының соңында 48,7%-ті құрады. Бірінші жарты жылдықтың қорытындысы бойынша 50%-тен астам деңгеймен оң аймаққа шығу күтіледі.