Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалар бағдарламасының жүзеге асу барысы туралы ӨКҚ брифингінде қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның айтуынша, жаңа мәдени нысандарды ашу, сондай-ақ бұрыннан бар нысандарды қайта жаңарту жоспарланған.
Қалада 20 кітапхана, «Райымбек батыр» музей кешені, «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық парк базасында сақ мәдениет орталығы, «Жаңа ғасыр» жастар театрыын ашу жоспарлануда. Сондай-ақ Қазақ мемлекеттік циркін, Алматы хайуанаттар бағын, Н. Сац атындағы Мемлекеттік балалар мен жасөспірімдерге арналған академиялық орыс театрын қайта жаңарту жоспарланған.
Сонымен қатар тарихи-мәдени құндылықтарды сақтау мақсатында А. Байтұрсынұлы музей-үйін қалпына келтірілді, Д. Қонаев мұражайына күрделі жөндеу жүргізіліп, экспозициялары жаңартылды. Ғ. Мүсірепов музей-үйі қайта экспозицияланып, С. Мұқанов музей-үйінің экспозициясы жаңартылды.
Арман Қырықбаев мәдениет нысандарының тапшылығын ескере отырып, Алатау, Наурызбай, Жетісу және Түрксіб аудандарында заманауи коворкинг-орталықтар форматында жаңа кітапханалар ашу жоспарлануда. Ол үшін жыл соңына дейін 5 үй-жай сатып алынады.
Жаңа кітапханаларда коворкинг-орталықтың, кітапхананың, әр түрлі шеберлік сыныптарын ұйымдастыратын шығармашылық аймақтың, креативті іс-шаралар тұсаукесері мен дәрістер аймағының жұмысы көзделеді. Жыл соңына дейін 2 кітапхананы жаңғырту жоспарлануда, нәтижесінде жаңғыртылған кітапханалардың көрсеткіші 90%-ды құрайды.
Сондай-ақ А.П. Чехов атындағы Орталық қалалық кітапхана базасында кітапхана процестерін автоматтандыруға мүмкіндік беретін автоматтандырылған ақпараттық-кітапханалық жүйе іске қосылды. Жыл соңына дейін осы жүйеге тағы 4 филиалды қосу жоспарлануда.