Алматыда ормандағы өртті ерте анықтайтын жаңа жүйе орнатылды

28.12.2023 21:03

Жабдық екі бөліктен тұрады

Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Баспасөз турдың барысында «Медеу» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің аумағында орман өрттерін ерте анықтау жүйесінің іске қосылуы туралы Экология және қоршаған орта басқармасының өкілдері баяндады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Орман өрттерін ерте анықтау жүйесі – бұл орман мониторингіне арналған бағдарламалық-аппараттық кешен, ол шұғыл түрде шараларды қабылдауға және өрт қауіптілігі жоғары маусымында орман өрттерінен болатын залалды айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.

 Жабдық екі бөліктен тұрады:

1. Аппараттық – басқарылатын бақылау датчиктерінің (бейнекамералардың) желісі;

2. Бағдарламалық – арнайы бағдарламалық жасақтама, оның көмегімен орманға жасалатын мониторинг нақты уақытында жүзеге асырылады, өрттің координаты уақтылы анықталады.

Мамандардың айтуынша, өртті анықтау тәулік бойы 360 градусқа қарайтын және 30 км дейінгі радиуста жағдайды тіркейтін бейнебақылау камераларының көмегімен жүзеге асырылады, аумағы 10 мың гектарға дейін жетеді. Жүйенің құрамында тепловизордың және сезімталдығы жоғары бейнекамераның болуы оны тіпті толық қараңғылықта да тиімді етеді.

- Бейнебақылау камералары 3 учаскеде - Шымбұлақ, Медеу және Бутаков шатқалында орналасқан антенна-діңгек құрылыстарында орнатылған. Бейнебақылау жүйелерінен ақпарат «Медеу» МӨТП жанындағы жедел басқару орталығына тиісті байланыс арналары арқылы келіп түседі, бұдан әрі ақпарат шұғыл қызметтерге уақтылы әрекет ету үшін бірыңғай бейнемониторинг жүйесіне беріледі, - деді Алматы қаласы экология және қоршаған орта басқармасы басшысының орынбасары Мирас Гайсин.

- Мемлекет басшысы ормандарда видеомониторинг жүйесін енгізуге қатысты тапсырма берген болатын. Осы тапсырма аясында «Медеу» саябағында  ТЖД  дағдарыс жағдайын жедел басқаруы, болған жағдайларға дер кезінде назар аударуы және ТЖД құрылғыларын жіберуге қатысты мониторинг жүргізу үшін видеокамералар орнатылған еді, - деп сөзін толықтырды Алматы қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Еркебұлан Жұматаев.

Өртті ерте анықтау жүйесінің жұмысын тексеру үшін сынақ режимінде жасанды өртеу жүргізілді. Нәтижесінде жүйе түтінді  бірден байқады, оның нақты координаттары мен уақытын анықтады.

Оқи отырыңыз: Алматыда қанша сапасыз құрылыс нысаны анықталды