Алматыда зардап шеккен ғимараттарды қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр

24.01.2022 21:20

Бұл туралы Алматы Өңірлік коммуникациялар қызметінің онлайн-брифингінде қала әкімінің орынбасары Мұхит Әзірбаев мәлімдеді

news.myseldon.com

Алматыда зардап шеккен ғимараттарды жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл туралы Алматы Өңірлік коммуникациялар қызметінің онлайн-брифингінде қала әкімінің орынбасары Мұхит  Әзірбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.


Спикер мегаполисте 291 ғимарат, оның ішінде 62 әкімшілік ғимарат зардап шеккенін еске салды.

«Рұқсат алған сәттен бастап, 12-16 қаңтар аралығында өрттен зардап шеккен үй-жайларды тазарту жүргізілді. ҚазҚСҒЗИ «Қазақстан» телеарнасының, Бас прокуратураның өкілдігінің, Алматы Полиция департаментінің және аудандық полиция басқармаларының ғимараттарындағы техникалық тексеруді аяқтады. Қалалық әкімдік ғимараты бойынша зерттеу нәтижелері 2022 жылдың 28 қаңтарына күтілуде», - деді әкім орынбасары.

Оның айтуынша, ірілендірілген сметалық норма бойынша жалпы сомасы 28,6 млрд теңгеге 10 нысанды қалпына келтіру жұмыстарының алдын ала құны есептелген.

«Қазақстан» ТА және қалалық әкімдік ғимараттарын күрделі жөндеу мен қайта жаңартуды 1 тамызға дейін аяқтау көзделіп отыр. Сондай-ақ жеті нысанда, оның ішінде Бас прокуратура ғимаратында, сондай-ақ полиция департаментінің тоғыз ғимаратында жөндеу жұмыстары басталды. Жөндеудің барлық нысандары бойынша жоспарлы аяқтау мерзімі – 1 мамырға дейін», - деп нақтылады Мұхит Әзірбаев.

Сонымен қатар оның айтуынша, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі есебінен мемлекеттік органдардың 28 нысанында жөндеу жұмыстары жүргізілуде: бес денсаулық сақтау нысанының үшеуінде жұмыстар аяқталды, үш аудандық полиция басқармасында оларды 28 қаңтарға дейін аяқтау жоспарлануда, зардап шеккен 20 модульдік полиция бекеттерінің бесеуі толығымен өртенген – олардың орнына жаңалары орнатылады, тағы 15-і қалпына келтіріледі, олардың 9-ында жұмыстар аяқталу сатысында.

«Бүгінде жұмыс комиссиясы Алматыда 281 ШОБ нысанын анықтады, онда жөндеу қажет, олардың сегізіне күрделі. Зардап шеккен нысандардың жалпы санынан 184-і бойынша техникалық тексеру басталды, 87-і мемлекеттік сараптамаға жолданды, 24-і расталды. Қалған 97 ШОБ нысаны өз қаражаты есебінен қалпына келтіріліп, 13 нысанда жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары аяқталды», - деді қала әкімінің орынбасары.

Спикердің айтуынша, тәртіпсіздік кезінде 11 тұрғын үй зардап шеккен. Оларды қалпына келтіруді осы аптада бастау жоспарлануда, 51 пәтердің терезелері қайта салынуда.