«Мерейлі отбасы-2023» байқауына өтінім беру аяқталды. Бүгін Алматыда қалалық конкурс жеңімпаздарын анықтау үшін комиссия отырысы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мегаполистен байқауға 232 отбасынан өтініш келіп түскен. Әділ-қазылар олардың арасынан үздіктерді таңдайды. Қалалық конкурстың жеңімпазы республикалық кезеңде бақ сынайтын болады. Айта кетейік, биыл елімізде Ұлттық конкурс 10-рет ұйымдастырылып отыр. Мақсат – отбасы мәртебесін көтеру.
– Бақытты, үлгілі, өнегелі отбасы табысты мемлекеттің өзегі болып табылады. Осы бағытта отбасының құндылығын сақталуына, отбасы мәртебесін көтеруге елімізде көптеген жұмыс атқарылуда. Соның бірі – «Мерейлі отбасы» байқауы. Қалалық комиссия қала әкімінің өкімімен бектілген. Құрамына мәслихат депутаты, қоғамдық кеңес мүшелері, экс-жеңімпаздар кіреді, – деді қоғамдық даму басқармасының бас маманы Ақбота Садық.
– Әрбір отбасының жеке бала тәрибелеудегі, отбасын сақтаудағы аса керемет құндылықтары бар. Сол құндылықтарын халық алдына шығарып, елге насихаттауымыз қажет. Әрбір жанұя ерекше, – деді «Мерейлі Отбасы-2022» байқауының жеңімпазы Бақыт Кішкенебаев.