Хабар барысында шаһар басшысы, сондай-ақ Алматының шеткі шағын аудандарында салынып жатқан жолдардың ерекше бақылауда екенін жеткізді
Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қалалықтарды өзін-өзі оқшаулау ережелерін қатаң сақтауға шақырды. Almaty.tv арнасындағы Akimat LIVE бағдарламасының тікелей эфирінде қауіпті індет жұқтырып, амбулаториялық ем алып жатқандарды халық көп шоғырланған жерлерге барудан аулақ болуға үндеді. Шаһар басшысының айтуынша, мұндай жауапсыздыққа жол беруге болмайды, өйткені бұл қоғамдық денсаулыққа қауіп төндіреді.
Қалалық санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметіне сәйкес, 28 маусым мен 1 шілде аралығында «Ashyq» жобасымен жұмыс істейтін кәсіпкерлік нысандары кіре берістегі сканерлеу арқылы «қызыл» мәртебесі бар 28 тұрғынды, ал «сары» мәртебесі бар 9 адамды анықтаған. Олар фитнес-орталықтарға, бассейндерге, кинотеатрларға, кафелер мен мейрамханаларға кіруге тырысқан. Бұл ретте қала әкімі әркімнің симптомсыз ауырып, вирустың тасымалдаушысы болуы мүмкін екенін ескертіп, жұртшылықты санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырды.
«Біле тұра, сондай қоғамдық орындарға барады. Статусыңыз басқаша болатын болса баруға болады. Ал өзіңіз науқастанып тұрсаңыз, болашағыңыз, денсаулығыңыз үшін үйде бола тұрған дұрыс. Ауырып тұрған жоқпын ғой, неге үйде жатамын деген ой келуі мүмкін. Ондай жеңілдікпен қарауға болмайды. Сол себептен сақтаун керек. Өзің ғана емес, қоршаған ортаңды да, ондағы адамдардың бәрін, түгел», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Хабар барысында шаһар басшысы, сондай-ақ Алматының шеткі шағын аудандарында салынып жатқан жолдардың ерекше бақылауда екенін жеткізді. Қала тұрғындарының сұрақтарына жауап бере келе, биыл 100 шақырымнан астам жаңа жол салу жоспарланғанын сөз етті. Бір ғана Медеу ауданындағы «Думан» шағын ауданында 53 көшеде күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
«Көптеген жылдар бойы инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымсыз қалған Алматы облысы елді мекендерінің қалаға қосылуына байланысты мегаполисіміздің аумағы бірнеше рет ұлғайды. «Жаңа Алматы» кешенді жоспары бойынша шеткі аудандардың барлығында жұмыс тиісті деңгейде жасалып жатыр. Осы аудандарды өркендету үшін біз бар күшімізді салып жатырмыз. Су, кәріз желісі, жол, жарық, балабақшалар, мектептер мен ауруханалар салу – мұның бәрі бір күнде біте салатын оңай шаруа емес. Бұл тірліктің оңынан шешілетініне мен сенімдімін», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Биыл Алатау, Түрксіб және Наурызбай аудандарындағы сегіз шағын ауданында жаңа жолдар салу жоспарланған. Бұлар – Өжет, Шаңырақ-5, Самғау, Нұршашқан, Құрамыс, Әлмерек, Қайрат, Алғабас шағын аудандары. Мұнда 415 көшеде ұзындығы 108 шақырым жаңа жолдар төселетін болады.
Сая Меңдеке, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы