2023 жылы тоғыз айдың қорытындысы бойынша мегаполистегі туристер саны 17,5%-ға өсіп, 1,5 млн адамнан асты. Бұл ретте шетелдік туристер саны 51,5%-ға өсіп, шамамен 410 мың адамды құрады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясы барысында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Айта кетейік, Алматы Қазақстанға келген әрбір екінші шетелдік турист үшін тартымды.
- Номиналды мәндегі инвестициялар көлемі 25,2%-ға, яғни 66,9 млрд теңгеге дейін ұлғайды, - деді Ә.Әбдіқадыров.
Сондай-ақ ішкі туристер санының 8,4%-ға 1 104,6 мың адамға дейін ұлғаюы байқалады.
Туристердің көптеп келуі туристік аймақтардың ашылуына ықпал етеді. Ә. Әбдіқадыров атап өткендей, ең жоғары кезеңдегі жүктеме мәселелерін шешу үшін қала билігі орналастыру орындарының санын ұлғайту бойынша шаралар қабылдауда.
- Биыл 16 глэмпингке арналған эко-қонақүй және 112 бөлмелі қонақүй ашылды. 847 орынға есептеліп, 5 нысанның құрылысы, сондай-ақ 1420 нөмірден тұратын 10 нысанның жобалауы жүргізілуде, - деді ол.
2023 жылы қала билігі туристер санының 2 млн адамға дейін, оның ішінде шетелдік туристер санының 500 мың адамға дейін көбейеді деген болжам бар.