«Шаңырақ» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 275 қария тұрып жатыр
Алматының «Шаңырақ» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында қариялардың құрметіне жаңа-жыл мерекесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қайырымдылық шарасына қарттар үйінің тұрғындары да белсене атсалысып, өз өнерін көрсетті. Айта кетейік, мерекелік концерт осымен екінші жыл қатарынан дәстүрлі түрде өтті. Салтанатты шараның шымылдығын Халық әртісі Роза Рымбаева ашып, құттықтау сөз сөйледі.
«Бүгінгі күн ерекше өтті. Қазір адамдар шаршап, ауырып, қиналып жүргенде сіздер келіп, көңіл көтеріліп, сергіп қалдық» – деді «Шаңырақ» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тұрғыны Айымторы Тайғаринова.
«Концерт көріп отырмыз, Халық әртісі Роза Рымбаева арнайы келіпті. Қазақстан көркейе берсін! Ардагерлер осы Қазақстанда тұрып жатырмыз. Сондықтан еліміздің патриоттымыз», – деді «Шаңырақ» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тұрғыны Бәтима Ибраева.
Қайырымдылық шараға Халықаралық бизнес және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ерікті студенттері де қатысты. Мерекелік концертте қарияларға бағалы сыйлық мен қабырға сағаты табыс етілді. Ондағы мақсат – өскелең ұрпаққа игі істі үлгі ету.
«Біз жыл сайын «Қарттарым – асыл қазынам» атты қайырымдылық шараны ұйымдастырамыз. Қарттардың көңілін көтерейік, Жаңа жылға бір ертегі сияқты әлемге ертіп апарып, сыйлық бергіміз келді. Қарттар үйінде қазіргі таңда 275 қарт бар екен, 94 қария төсек тартып жатыр екен. Ол кісілерге де сыйлық алып келдік», – деді қайырымдылық шараның бас ұйымдастырушысы Айнұр Аралбайқызы.