Бүгін Алматы қаласы Мәслихатының жергілікті бюджетті нақтылау жөніндегі XV сессиясы өтті
Қала әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасына сәйкес бюджетке енгізілген өзгерістер қаланың әлеуметтік басымдықтарын іске асыруға бағытталған. Мегаполис басшысының бастамасымен бюджеттің қазіргі шығындары, атап айтқанда фестивальдар, форумдар мен түрлі имидждік іс-шараларды өткізуге арналған шығындар қысқартылды. Қосымша бөлінетін қаражаттың 60%-дан астамы дамуға – әлеуметтік маңызы бар жобаларға бағытталады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Мәслихаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматы қаласы қаржы басқармасының басшысы Қанат Сухамбеков атап өткендей, жалпы бюджетті нақтылау бюджет қаражатын ішкі қайта бөлу және 2023 жылы бюджеттің кіріс бөлігін асыра орындау есебінен жүргізіледі.
«Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 37 100 оқушыға арналған 22 мектеп салу жұмыстары жалғасып отыр. Жергілікті бюджеттен қаладағы 13 мектептің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым (жылу- сумен жабдықтау, электр қуаты) және талшықты-оптикалық байланыс желілерін салуға қаражат бөлінеді.
2024 жылы Шұғыла шағынауданында туберкулездің белсенді емес түрі бар балаларды оқытуға арналған санаторий үлгісіндегі жатақханасы бар 340 орындық жаңа мектеп, сондай-ақ Алматы телекоммуникация және машина жасау колледжінің құрылысы басталады. Бұған қоса, №58, 73, 83 мектептер мен республикалық физика-математика мектебінің ғимараттарын қайта жаңарту жоспарланған.
Биыл құрылыс жұмыстары Алатау ауданының «Рахат-Мәдениет» шағынауданындағы электрмен жабдықтау желілерін салуға қатысты болады. Осылайша, 2024 жылдың соңына дейін Алатау ауданының 10 мың тұрғыны үздіксіз электрмен қамтамасыз етіледі.
Биыл 3 көлік-ауыстырып міну торабының құрылысы басталады: Райымбек даңғылы, «№7 қалалық аурухана» аялдамасы, Бөкейханов көшесі, 508, «Сәлем» автовокзалы, Пушкин көшесі және Райымбек даңғылы, «Саяхат» аялдамасы), бұл облыстан келген тұрғындарға көлігін арнайы тұраққа қалдыруға және қоғамдық көлікті пайдалануға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ 30 км тротуарларды, 5 км веложолдарды (веложолақтарды), 40 аялдама қалтасы мен алаңды орташа және ағымдағы жөндеу жоспарланған.
Скверлерді, саябақ аймақтары мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жоспарланған. Алмалы ауданында Панфилов көшесінің (Қабанбай батырдан Жібек жолына дейін) жаяу жүргіншілер аймағына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Медеу ауданында 4 сквер мен бульварға, оның ішінде «Энергетиктер», «Думан-2» скверлері ағымдағы жөндеуден өтеді.
«Терренкур» саябақ аймағы көлінің айналасындағы аумақты ауқымды қайта құру жоспарланған. Жұмыс біткен соң мұнда тоған бойында серуендеу жолы бар кең демалыс аймағы, екі деңгейлі балалар эко алаңы, воркаут аймағы, спорт және йога алаңдары болады. Сондай-ақ, жобада ашық аспан астында амфитеатр орнату қарастырылған. Саябақ аймағы мегаполистің тұрғындары мен қонақтары үшін тартылыс орталығына айналады.