Астана алаңында Ұлыстың ұлы күнін тойлауға мыңдаған қала тұрғыны мен қонақтары жиналды. Ауқымды іс-шараға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, барша қазақстандықты Әз Наурыз мейрамымен құттықтады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бірлік қонып, ынтымақ ұялаған қазақ еліне асыға күткен Әз Наурыз да келіп жетті. Алматыға жұмыс сапарымен келген Президент Астана алаңында өтіп жатқан іс-шараға қатысып, жылы лебізін білдірді. Мемлекет басшысы құттықтау сөзінде тамырын тереңнен тартқан мейрамның маңызын атап өтіп, Алматы шаһарын еліміздің рухани, ғылыми және экономикалық орталығы деп атады.
– Бабаларымыз ежелгі заманнан бері Ұлыс күнін жыл басы ретінде атап өткен. Қазір Әз Наурыз күллі халыққа ортақ жалпыұлттық мерекеге айналды. Оны ұлтына, дініне қарамастан барша жұртымыз ерекше күтеді, бірге атап өтеді. Дана халқымыз «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп бекер айтпаған. Жаңа жылды жақсы ниетпен, пайдалы іспен бастау – талайдан қалыптасқан дәстүр. Бұл күні қонақжай жұртымыз ақ дастарқан жайып, бір-біріне ақжарма тілегін айтты. Бұлақтың көзін ашып, тал егеді, тазалыққа баса мән береді. Наурыз мейрамында халқымыздың асыл қасиеттері мен құндылықтары түгел көрініс тапқан. Биыл Ұлыстың ұлы күні Рамазан айымен тұспа-тұс келіп отыр. Қазақ жеріндегі дін мен дәстүрдің үйлесімі дәл осы кезде айқын көрінеді, – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Наурыз – халқымыз үшін күн мен түннің теңелуі ғана емес, жаңару мен жаңғырудың бастауы. Мерейлі мерекеге еңкейген қариядан кішкентай бүлдіршінге дейін келіп, мәз мейрам. Сағат 11:00-ден бастап алаңда қала тұрғындары мен қонақтары үшін театр әртістері, эстрада жұлдыздары, танымал топтар мен аспаптық ансамбльдер өнер көрсетіп жатыр. Думанды іс- шараны еліміздің мақтанышы, қайталанбас дауыс иесі Димаш Құдайберген бастап, көрерменді баурап алды.
– Ауа райы тамаша! Нұр жауып тұрған секілді. Еліміздің Президенті келіп, Наурыз мейрамымен құттықтап жатыр, өте керемет сезім! – деді қала тұрғыны Ержан Баймолда.
Наурызнама онкүндігі аясында қалада 500-ге жуық мерекелік іс-шара ұйымдастырылады деп жоспарланған. Ең ауқымдыларының бірі – Астана алаңында өтіп жатыр. Бүгінгі концертте 1000-ға жуық әртіс пен сахна майталманы өнер көрсетіп, көпшілікке көңіл күй сыйлауда.
– Наурыздың атмосферасы қанша дегенімен күн мен түннің теңелетін уақыты, адамға мүлдем басқаша әсер етеді. Арқаңды кеңге саласың, күн де жылып керемет болып тұр. Наурыз мейрамы жақсылығын әкелсін! – деді әнші, актриса Жанар Айжанова.
– Еліміз, жеріміз аман болса, басқа не керек? Сондықтан халқымызбен бақыттымыз! Ұлыстың ұлы күні қазақстандықтарды құттықтаймын, береке тілеймін! – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Елшібаева
Алматылықтар бүгін мерейлі думанды атап өту үшін таң атқаннан тұрып, қала көшелерін аралап жүр. Ауа райының сәл суытқаны да жұртшылықтың мерекелік көңіл-күйіне әсер еткен жоқ.
Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы «Наурыз Фест» фестивалін тамашалады