Алматы әкімдігі «Алматы – адамдар үшін жаһандық қала» бағдарламасын әзірледі, онда мегаполисті 2025 жылға дейін дамытудың негізгі басымдықтары мен 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалар көрсетілген. Қала тұрғындары бағдарламамен танысып, өз ұсыныстарын «Алматыны дамыту орталығының» сайтында 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін қалдыра алады. IT сарапшы, Bugin Holding қызметкері Ансар Балғазов бағдарламада Smart city, Almaty digital city, халықаралық инвесторларды тарту, 3 инновациялық зертхана құру жоспары өте жақсы жасалғанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Алматының дамуын IT жағынан жазғаны өте жақсы. Енді экологиялық даму жағынан IT және автоматизацияға, цифровизацияға қатысты нақты жоспар жасалатын шығар. Негізізінде Smart city, Almaty digital city, Халықаралық инвесторларды тарту, 3 инновациялық зертхана құру жоспары өте жақсы жасалған.
Алматыны оңтүстік, солтүстік, батыс, шығысқа бөлген де олардың қандай орталық болатынына дейін жазылған. Бір жағы экологиялық, ал екінші жағы өндірістік орындар болады деп бөлген. Осыған IT саласына қосса болады. Ал мәдени орталыққа IT саябақты қосса болады. Көбіне бизнеске басымдық берілген», – деді Ансар Балғазов.
Айта кетейік, Алматы әкімдігі «Алматы – адамдар үшін жаһандық қала» бағдарламасын әзірледі. Жоба жеті бөлімнен тұрады, олар: «Жайлы қалалық орта», «Тұрақты экономикалық өсу», «Басқарылатын урбанизация», «Әлеуметтік орнықтылық пен тұрақтылық», «Жасыл Алматы», «Смарт сити», «Қауіпсіз қала».
Алматыны кеңістіктік дамытудың негізгі міндеті – жайлы қалалық орта құру және қаланың барлық аудандарында өмір сүру сапасын арттыру. Ол үшін үш басым бастама айқындалды: Алматыны көпорталықты дамыту, қоғамдық көліктің дамыған жүйесі және аудандардың байланыстылығы, жаңа тарифтік саясатты енгізу және шығындарды азайту арқылы ТКШ қызметтерінің сапасын жақсарту.