Алматыда 2021 жылға дейін 100-ге жуық кәсіпкерге несие берілмек. «Алматы бизнес» өңірлік бағдарламасы 8 миллиард теңге қаржыны шаһардағы шағын және орта кәсіпті дамытуға жұмсамақ. Биылдың өзінде 12 жоба мақұлданып, 18 кәсіп иесіне несие берілген. Аталмыш жобаға ілігу үшін не істеу керек? Мүмкіндігі көп бағдарламаның ерекшелігі неде? Толығырақ Almaty.tv тілшісі бейнематериалында.
Алматы қаласының әкімдігі мен «Даму» қоры бірлесе отырып іске қосқан «Алматы бизнес» бағдарламасы 2019 жылдан бастап түрлі саладағы бизнес өкілдерін қолдап келеді. Алғаш несие сұраған кәсіп иесі сұлулық салонын ашу үшін 32 миллион теңге қаржы алған. 6 пайызбен жеңілдетілген несиені ол 5 жыл көлемінде төлейді.
«Мемлекет тарапынан берілген несиеге алғысым шексіз. Кәсібімді ашу үшін маған қомақты қаражат керек болды. Кейін «Даму» қорына жүгініп, қолдауға ие болдым. Нәтижесінде сұлулық салоным бой көтерді. Осының бәріне кәсіпкерлікті қолдауға негізделген «Алматы бизнес» бағдарламасы көмектесті», – деді сұлулық салондары желісінің иесі Елена Тен.
Сұлулық салоны жұмысын шілде айында бастапты. Кәсіпкердің айтуынша, карантинге байланысты несиені өтеу қиынға соққандықтан, банк қараша айына дейін төлемді шегеріп, демалыс берген. Бағдарлама аясында қолдауға ие болған өзге бизнес өкілдеріне де салық төлемінің пайызы төмендетіліпті. Жалпы, төтенше жағдай басталған уақыттан бері кәсіпкерлер үшін құны 72 миллиард теңгені құрайтын 2889 несиенің өтелуі кейінге шегерілген.
Бүгінгі таңда «Алматы бизнес» өңірлік бағдарламасы шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында қаладағы 12 кәсіпкердің жобасын мқұлдаған. Яғни, мемлекет тарапынан бұл жобаларға барлығы 1 миллиард 211 миллион теңге ақша бөлінген. Мәселен, мына мейрамхана желісі өз кәсібін дөңгелету үшін 2018 жылы 180 миллион теңгеге қаржыландырылған. Соның арқасында кәсіп иесі қажетті құрал-жабдықтар мен техникаларды алып, жөндеу жұмыстарын да жүргізген.
Жалпы бағдарламаға Алматы қаласында тіркеліп жұмыс істейтін кәсіпкерлер ғана қатыса алады. Ол үшін қаржылық саясаты көрсетілген бизнес жоспар жасау қажет. Сондай-ақ, «Даму» қорының бөлімшелерінде ақыл-кеңес алуға болады.
«Қазір біздің мейрамхананың жұмысы қарқынды жүруде. Әрине, осындай дәрежеге жету үшін мемлекеттік бағдарлама айтарлықтай серпін берді. Біз жастарға осындай жобаларға қорықпай қатысыңдар дейміз. Сонда ғана еліміздің экономикасы өрге басады», – деді мейрамхана желісінің менеджері Асфар Алаев.
Жалпы бағдарлама шеңберінде 7 пайызбен 18 несие берілді. Қазіргі уақытта қалған 2 миллиард қаржы келесі мақұлданған жобаларға жұмсалмақшы. 2021 жылға дейін 100-ге жуық бизнесті қолдау көзделген.
«Қазіргі таңда «Алматы бизнеске» қатыса алатын салалардың саны көп. Оның ішінде өнеркәсіп те бар, дара сауда мен көтерме саудасы, қызмет көрсету, туризм салаларында, IT салаларындағы кәсіпкерлер қатыса алады. Ал, несиенің мерзімі егер де инвестицияға берілген болса, 84 айға дейін рұқсат етіледі. Айналымдағы қаражатты толықтыру үшін 36 айға рұқсат етіледі», – деді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ Алматы қалалық филиалы директорының орынбасары Жомарт Ермағанбет.
Сондай-ақ, бағдарламаға қатысатын шағын және орта бизнес субъектілері «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасына және Қордың кепілдемесін алу үшін өзге де жобаларға қатысуға өтініш беруге құқылы.
Аяулым Көлжігіт, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы