Өз кәсібін ашамын дегендерге алдымен не істеу керек?
«Almaty Business 2025» бағдарламасы аясында ашылған мегаполистегі өнеркәсіптік парктер жақсы нәтиже беруде. Бұл жоба шағын және орта бизнесті қолдаудың жаңа құралы болып отыр. Өз кәсібін ашамын дегендерге алдымен не істеу керек? Индустриалды аймақтан орынды жалға алу қанша тұрады? Жаңа кәсіп иелеріне басқа қандай жеңілдіктер қарастырылған? Өндірістік парктің жұмысы туралы толығырақ Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай әңгімелейді.
Аймақта әзірге тұрмыстық және медициналық жиһаздар жасайтын екі кәсіпорын бар. Осы айдың соңына дейін кеңсе тауарлары, экологиялық қаптамалар мен бетперде шығаратын кәсіпкерлер орналасады деп жоспарланып отыр. Ал, жеке іс бастаймын деген шағын және орта бизнес иелеріне тиімді шарттар қарастырылған. Мәселен, 5-7 жылға берілетін орындарды жалға алу құны бір шаршы метріне 1200 теңге.
«Жалға алатын кісілер үшін бұл 5 жылға жалға беру құны өте жақсы. Өйткені, күннен-күнге көріп отырғандарыңыздай, жалға алудың құны өсуде. Көптеген жалға берушілер кәсіпорындар жұмысын істей бастаған кезде жалға алу құнын көбейте бастайды. Бізде ондай мүкіндік жоқ. Рұқсат жоқ», – деді «Ala estate» компаниясының директоры Қанат Бидаралов.
Ал, мына кәсіпорынның өнімдерін Қазақстанның бес қаласында тұтынады екен. Өндіріс орнында медициналық мекемелерге, сондай-ақ, массаж және сұлулық салондарына арналған түрлі жабдықтар шығарылады. Мұндай цех елімізде тек біреу ғана.
Өндірістік аймақты жалдаушылардың бірі Әбиевтер отбасы. Өткен жылдың желтоқсан айында «Бизнес бастау» бағдарламасы аясында жобаларын сәттіп қорғап, 200 АЕК көлемінде мемлекеттік грант ұтып алған. Кәсіп иелері қыркүйек айынан бастап индустриалды парктен ғимараттардың бірін жалға алыпты.
«Стандартты кушеткадан басқа инновациялық кушетка шығарамыз. Аналогтары тек Қытай мен Ресейде ғана сатылады. Қазақстанның тұтынушылары Ресейден немесе Қытайдан тапсырыс беруге мәжбүр болып жатыр. Сол себепті біз сол өнімді өзіміз шығарып, Қазақстанның басқа қалаларына сатып жатырмыз», – деді жеке кәсіпкер Мақсат Әбиев.
Аймақта өндірістік орынды жалға алушылар үшін барлық қажетті инженерлік желілері бар дайын инфрақұрылымдар орналасқан. Одан бөлек, «Almaty Business 2025» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2 және 6 пайыздық үстемемен бизнесті дамытуға қолжетімді несие алуға да мүмкіндік бар.
Сымбат Ноғай, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» арнасы