Алматының Наурызбай ауданындағы 89 көшеге жаңа жол салынады

28.11.2023 21:51

Бұл туралы Наурызбай ауданының әкімі Назира Тоғызбаева ӨКҚ-нің брифингінде айтты

қала әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматының Наурызбай ауданындағы Ақжар шағынауданында жалпы ұзындығы 45,3 км 89 көшеде жол салу жоспарланған. Бүгінгі таңда 15 км жол салынды. Қалған 30 км көше инженерлік желілер құрылысы аяқталғаннан кейін асфальтталатын болады. Бұл туралы Наурызбай ауданының әкімі Назира Тоғызбаева ӨКҚ-нің брифингінде айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның мәліметінше, Наурызбай ауданында жалпы ұзындығы 298 км болатын 348 көше бар.

«Сонымен қатар Шұғыла шағынауданы бойынша ұзындығы 6,8 км 13 көшеде жол салу жоспарланған. 2023 жылы ұзындығы 5 км 9 көше жасалды, қалған 4 көше 2024 жылы аяқталады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, Шұғыла, Рахат, Таусамалы, Қалқаман шағынаудандарында, жалпы ұзындығы 15 км 16 көшеде жолдарға орташа жөндеу жүргізілді. Осыған ұқсас жұмыстарды жүргізу үшін 2024 жылы қалалық мобилділік басқармасына ұзындығы 40 км 38 көшені орташа жөндеуге өтінім жолданды», - деп атап өтті аудан әкімі.

Оның деректері бойынша 2023 жылдың басынан бері шұңқырларды жөндеу жұмыстары жүргізілді, нәтижесінде 170 көшеде 45 мың шаршы метр жол жөнделді. Техникалық тротуармен көлемі 8 мың шаршы метрден асатын 11 көше қамтамасыз етілген.