Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев өзінің Facebook-тегі парақшасында жұмыссыз қалған алматылықтарды сұранысқа ие мамандықты алуға шақырды, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Құрметті қала тұрғыны, жұмыс қарастырып жүрсеңіз, қысқа мерзімді курс оқып, мамандық алып шығуыңызға болады. Биыл жоспар бойынша «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту мен жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында қысқа мерзімді курс бойынша мың шақты қала тұрғынын оқытпақ ниеттеміз», – деп жазды Б. Сағынтаев.
Бүгінде оқуға 409 адамнан өтініш түсті. Курста кондитер, аспаз, шаштараз, тырнақ қызметінің шебері, бет әрлеуші, электр-газбен дәнекерлеуші, есепші, веб-дизайнер, модельер-пішуші, турист агенті, іс жүргізуші, ұйымдастыру техникасының операторы, тігінші, киім конструкторы, массажист мамандығын таңдауға болады.
«Атамекен» ҰКП реестрінің құрамына кіретін оқу орталықтарының тізімі де анық. Алматы қаласының Жұмыспен қамту орталығымен 41 мамандық бойынша 34 оқу орталығы өзара байланыс орнатуға дайын. Соның ішінде 28 оқу орталығы онлайн түрде, алтауы оффлайн режимінде оқу жүргізеді. Жұмыспен қамту орталығы, оқу орталығы, жұмыс беруші мен курсқа қатысушының арасында төрт жақты келісімшарт жасалады.
Оқу ұзақтығы таңдаған мамандығына қарай 1 айдан 3 айға дейін созылады. Оқу кезінде шамамен 21 мың теңге көлемінде стипендия төленеді. Курс аяқталысымен сертификат беріліп, жұмысқа орналасуға көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, білім алушыларға бизнес-идеяны іске асыру үшін өтеусіз грант алу мүмкіндігі бар.
Курсқа жазылып, оқу оқу үшін Жұмыспен қамту орталығына келіп, жұмыссыз ретінде тіркелу қажет. Бұл бағдарлама Алматыда тұрақты тіркеуде бар немесе қалада тұрғылықты жері бойынша алты айдан астам мерзімге уақытша тіркелген қала тұрғыны үшін қолжетімді.
Курсқа жазылу үшін Назарбаев даңғылы, 50 мекенжайы бойынша Алматы қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығына жүгіну қажет. Тел.: +7 (727) 310 21 31.