Сұрақ-жауап: Жетісу ауданы тұрғындарының мәселесі қалай шешіледі

28.03.2024 22:37

Алматының Жетісу ауданында 40 көше жарықтандырылады

Almaty.tv

Келесі жылы Алматының Жетісу ауданында 40 көше жарықтандырылады. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев аудан тұрғындарымен кездесуінде айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Шаһар басшысының сөзінше, мегаполисте сапалы сыртқы жарықтандырумен және электр жабдықтаумен қамтамасыз ету жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Өткен жылы ауданда 21 шақырымнан астам тоқ желісі салынып, 6 трансформаторлық қосалқы станса орнатылған.

Тұрғындарды мазалаған өзекті мәселенің бірі – аудандағы ипподромның жайы. Бірнеше азамат оның тарихи орын екенін тілге тиек етіп, болашағына алаңдаушылығын білдірді.  Жиында қала әкіміне ипподром мемлекет меншігіне қайтарыла ма деген сауал қойылды.

– Ипподром – аудандағы тарихи орын. Оны мемлекетке қайтару мүмкін бе? Туристерді әкеліп, біздің ұлттық ойындарымызды көрсететін көрнекті орынға айналдыруға болады. Қазір ипподромның орнына тұрғын үй кешені салынады деген сыбыс бар, – деді қала тұрғыны.

– Мемлекетке қайтару үшін ипподромды сатып алу қажет. Өкінішке қарай, қазір ондай мүмкіндік болмай тұр. Бұл орынның нысаналы мақсаты қаланың 2040 жылға дейінгі Бас жоспарында бекітілген. Сондықтан алаңдауға негіз жоқ. Ешқандай құрылыс болмайды, – деді қала әкімі.

Халық аудандағы жол мәселесін де қала әкіміне жеткізді. Су құбыры жүргізілгенімен, артынша асфальт төселмеді деп шағымын айтқандар табылды. Мегаполис басшысы сапалы жол салу жайлы қалалық орта құруда маңызды екенін тілге тиек етіп, аудандағы 27 көшеде биыл орташа жөндеу жасалады деп уәде етті.

– Біз сәуірде тазалау, абаттандыру жұмыстарын бастаймыз. Ауа райы қолайлы болса, жол жөндеуге кірісеміз. Биыл асфальт-бетон зауытын іске қостық. Жолдарды орташа жөндеу үшін 500 млн теңге қарастырылған, – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Сондай-ақ қала әкімі ауданда қатынайтын 65 автобус наурыз айының соңына дейін жаңартылатынын айтты. 2023 жылы тұрғындардың өтініші бойынша 12 маршрутқа 51 қоғамдық көлік қосылып, 11 бағыттағы 134 автобус жаңарған. Сондай-ақ былтыр ауданға қатынайтын жаңа бағыт қосылды.

Гүлмарал Изатқызы, Хангелді Ахметханов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматының Жетісу ауданында 4,8 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды