Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында қала әкімінің орынбасары Мұхит Әзірбаев журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, сыртқы жарықтандыру жүйесін жаңғыртудың кешенді бағдарламасы туралы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматыда заманауи жабдықтар мен технологияларды пайдалана отырып, көше жарықтандыруын басқару жүйесі жұмыс істейді. Жаңғыртудың басты мақсаты көшені жарықтандыру жұмысын жақсарту және оған қызмет көрсету шығындарын қысқарту болып табылады.
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты аясында 2019-2020 жылдар аралығында қаланың 14 магистралды көшесі бойынша 11 161 шам ауыстырылды, бұл қалалық шамдардың жалпы санының 8% құрайды. Мұхит Әзірбаев бұл шамдарды ауыстыру жыл сайын электр энергиясының 20% үнемдейтінін атап өтті.
Ағымдағы жылы 27 көшені жаңғырту жоспарланған, оның аясында 5 мыңға жуық шам мен 2 мың тірек ауыстырылатын болады. Осы бағыттағы жұмыстардың90% аяқталды.
2023 жылдың соңына дейін тағы 33 145 LED шам орнату жоспарланған.
Әкімнің орынбасарының айтуынша, көше жарығының жағдайын қашықтықтан басқару мен бақылаудың кең мүмкіндіктері, жабдықтың сақталуын қамтамасыз ету және тұтынылатын энергияны нақты есепке алу аталған жаңғыртудың артықшылығы болып табылады.
Заманауи технологияларды қолдану электр тарату желілеріндегі апаттылық деңгейін айтарлықтай төмендетеді, штаттан тыс жағдайларды жою кезінде, сондай-ақ жоспарлы профилактикалық және жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде уақытты үнемдейді. Бүгінгі таңда жаңа көше шамдарының жұмысындағы ақауларды жою 2-3 сағаттан аспайды.
Сондай-ақ электр таратудың әуе желілерін жерасты кәбілдік орындауға көшіру арқасында мүмкін болған «таза аспан» тұжырымдамасының іске асырылуын атап өткен жөн.
Алматы көшелерін жарықтандыруды басқарудың жаңа жүйесін енгізу қаладағы қозғалыс қауіпсіздігі деңгейіне жағымды әсер етеді, мегаполис тұрғындары мен қонақтары үшін қолайлы жағдайды қамтамасыз етеді.
Алматы әкімінің тапсырмасы бойынша «Шетсіз қала» бағдарламасы да іске асырылуда. Өткен жылы 1 423 көше жарықтандырылып, энергия үнемдейтін шамдар қолданылды.
2021 жылдың 11 айында Алмалы, Әуезов, Бостандық, Медеу аудандарындағы 601 көшеге шам орнату жоспарланған. Бүгінде аталған жұмыстар 540 көшеде (90%) орындалды.
Мұхит Әзірбаевтың айтуынша, келесі жылы қалған 1 066 ішінара жарықтандырылмаған көшені жарықтандыру жұмыстарын жалғастыру жоспарлануда.
Алматы аулалары да қалабилігінің назарнан тыс қалмайды. Мәселен, қаланың аула аумақтарын жарықпен қамтамасыз ету бойынша жоба әзірленді. Қазіргі уақытта қаланың 486 аула аумағында құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін мердігер ұйымды анықтау бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде.