Биыл Алматының Наурызбай ауданында от тұтатып, үй жылытып отырған 30 отбасы көмірмен, 200 жанұя азық-түлікпен және киім-кешекпен қамтамасыз етілмек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазірдің өзінде Жаңа Алматыда тұрып жатқан 114 отбасы мемлекет бөлген грантқа ие болып, өз кәсібін ашуға мүмкіндік алды. Одан бөлек, биыл 1559 жанұя ай сайын азық-түлік себеттерімен және мектепке қажетті керек-жарақпен қамтамасыз етіліп жатыр.
Наурызбай ауданының тұрғыны Индира Бақытқызының 5 жыл бұрын жолдасы жол апатынан қаза тапқан. Қазір ұлын өзі тәрбиелеп келеді. Жалғызбасты ана аула сыпырып, тапқан табысымен пәтерақы мен несие төлейді. Әйелдің сөзінше, көрсетіліп жатқан әлеуметтік көмек азық-түлік мәселесін шешіпті.
«Үкіметтен азық-түлік, мектепке керек-жарақ заттар беріліп жатыр. Көмек көрсетіп жатыр. Енді қысқа таман киім-кешек беріледі деді», – дейді жалғызбасты ана Индира Күмісбекова.
Ал Қалқаман ықшамауданында тұратын Айман Мингирова бүгінде 6 баланы тәрбиелеп отыр. Көпбалалы ананың сөзінше, тұңғышы жақында кәмелеттік жасқа толады. Ал қалған балдырғандары жергілікті мектепте білім алып жатыр. Сондықтан Үкімет көмек көрсетіп, ай сайын азық-түлікпен қамтамасыз етеді дейді.
«Бақытты отбасынан» медициналық көмек көрсетіліп жатыр, «Ана тілегі» деген қор бар. Сол қордан бізге азық-түлік жағынан да ай сайын көмек көрсетіліп жатыр», – деді көпбалалы ана Айман Мингирова.
Наурызбай ауданына 160 мыңға жуық халық қоныстанған, ал оның ішіндегі 2236 жанұя – көпбалалы. Атаулы әлеуметтік көмек алып жатқан 1100-ден астам отбасы бар. Жаңа тұрғын үйлердің бой көтеруіне байланысты, келер жылы халық саны да артуы мүмкін, сондықтан әлеуметтік жобалардың ауқымын арттыру жоспарда бар дейді әкімдік қызметкері.
«Тек қана осы атаулы әлеуметтік көмекке жүгініп қалмас үшін біз оларға әр-түрлі қолдау көрсетеміз. Жұмысқа тұрғызамыз. Түрлі гранттар бар. 200 АЕК, яғни 580 мың теңгедей ақша бөлінеді», – деді Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Мирас Нысаналиев.
Ал көмек алған отбасы ол соманы игеріп, өз кәсібін ашқан жағдайда, келесі жылы 2 миллионнан 5 миллион теңгеге дейінгі грантқа ие болады. Әкімдік маманы жыл сайын мұндай қолдау 80 жанұяға көрсетіледі дейді.
Оразай Нұртай, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы