Алматыда ғалым Карл Байпақовтың құрметіне ескерткіш тақта орнатылды

18.11.2021 22:52

Ғалым Қазақстанның ортағасырлық қалаларының тарихын, шаһар мен дала арасындағы байланысты зерттеп, ғылымды жаңа бағытта дамытты

Almaty.tv

Алматыда көрнекті ғалым-археолог Карл Байпақовтың құрметіне мемориалдық тақта орнатылды. Рәсімнің салтанатты ашылуына тарихшының замандастары, туыстары мен отбасы да қатысты. Олар ғалымның тұлғалық болмысын еске ала отырып, Карл Байпақовтың қазақ қоғамына сіңірген еңбегінің маңызына тоқталып өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Назарбаев даңғылында орналасқан 5 қабатты үйде профессор Карл Молдахметұлы 500-ден астам ғылыми мақала жазып, тарихи маңызы бар еңбектер қалдырды. Бүгін сол үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды. Салтанатты шараға жиналған қауым тұлғаның еңбек жолына тоқталып, оның мол мұрасының бүгінгі жастарға үлгі болатынын сөз етті.  

«Ол кісі әңгімені майын тамызатын еді. Қайда және қашан болды, кім болды, соның бәріне тоқталатын. Оны тыңдап отырып, құдды бір кино көргендей боласыз. Әр сөзі бір-біріне жалғасып, ұласып жататын», – деп еске алады  К. Байпақовтың туысы Әділ Омар.

Карл Байпақов Қазақстанның ортағасырлық қалаларының тарихын, шаһар мен дала арасындағы байланысты зерттеп, ғылымды жаңа бағытта дамытты. Халықаралық конференцияларға қатысып, ЮНЕСКО ұйымдастырған «Жібек жолы» экспедициясында Қазақстан тарапынан жетекшілік етті. Бүгінде ғалымның жолын жары мен балалары жалғастырып жүр.

«Бала күнімде әкемнің академик, ғылым докторы екенін білмейтінмін. Алайда кейін мамандық таңдағанда асқар тауым – әкемнің жолын қудым. Оқуға түсер сәтте оның мансабын пайдаланбай, өз біліміме сендім. Бүгінде оның жарыққа шықпай қалған еңбектерін басып шығаруды қолға алдық», – дейді К.Байпақовтың қызы Лидия Байпақова.

Олжас Сүлейменов айтқан «Есімі еуропаша, тегі нағыз қазақи азамат» отандық ғылымға ғана емес, дүниежүзілік ғылымның, оның ішінде тарих саласына үлес қосты. Жетісу өңірін толық зерттеп, қазба жұмыстарын жүргізгеннен кейін қала мәдениетінің көнеден болғанын дәлелдеді дейді көзін көргендер.

Ұлттық археологияның дамуына өз үлесін қосқан Карл Молдахметұлы артына өшпестей із қалдырды. Ол тарихты зерттеуде тынбай еңбек етіп, бірнеше монографияның авторы болды. Ал бүгінде егемендіктің 30 жылдығы қарсаңында Тәуелсіздіктің алтын бесігі – Алматыда ғалымның есімі қайта ұлықталды.

Оразай Нұртай, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы