Блогер, актриса әрі жүргізуші Анара Батырхан «Алматы – бақша қаласы» акциясында белсенділік танытып, қарағайлы орманға ағаш отырғызуға қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Танымал блогер мегаполистің жасыл қорын толықтырып қана қоймай, алма ағашын өз атымен атады.
«Мен Алматыны қатты жақсы көремін. Егер жолда жүрсем, екінші күні-ақ қаланы сағынамын. Үйге ұшақпен оралғанда, биіктіктен туған қалаңдағы жасыл желектерді, жеміс ағаштарын көру керемет сезім. Бүгін мен осындай іс-шараның қатысушысы болғаныма ризамын», — деп өз эмоцияларымен бөлісті ол.
Ол бүгін өмірінде алғаш рет алма ағашын отырғызғанын айтты.
«Мен, тіпті, көшетті еркелетіп, оны "Анара" деп атадым. Біздің қаламыз алмасымен әйгілі. Әрбір алматылық біздің жеріміздің тазалығы мен сұлулығына қамқорлық жасауы керек», - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Алматы – бақша қаласы" акциясы барысында 8 мыңнан астам ағаш отырғызылды, оның 4 мыңнан астамы алма ағашы. Оның ішінде "Сосновый бор" саябағының аумағында 500 алма мен өрік көшеттері, "ALA" саябағының аумағында 2270 көшет және Боралдай өзенінің бойындағы бақылау алаңында мыңға жуық көшет отырғызылды.