Алда келе жатқан мерекелер қарсаңында Алматыда «AlmatyBusiness 2025» бағдарламасы аясында, мүгедектерге арналған жаттығу орталығы ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл орталық мүмкіндігі шектеулі жандарға тегін қызмет көрсетеді.
«Бізде арбаға таңылған адамдар үшін арнайы жаттығу жабдықтары орнатылған, сондай-ақ олардың кіріп, шығуына ыңғайлы жағдай жасадық. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар, кез-келген жаттығу залында, спортпен тегін шұғылдана алады»,– деді кәсіпкер Александр Легенчук.
«Бұл жаттығу залына келіп жүргеніме 2 апта болды. Тренажерлардың көбісі қол жетімді. Жаттықтырушы маған күнделікті шынығу бағдарламасын жоспарлайды. Мен қазір Алматы марафонына дайындалып жатырмын. Бұл менің 5-ші марафоным болмақ»,– деді қала тұрғыны Максим Виноградов.
Сонымен қатар жаттығу залы спорттың дамуына серпін беретін, олимпиадалық және пауэрлифтингшілерді даярлауға қажетті құралдармен жабдықталған. Мүмкіндігі шектеулі адамдар мұнда спортпен шұғылданып қана қоймай, жарыстарға да дайындалатын болады.