Алматының Медеу ауданында халықпен онлайн кездесу өткізу дәстүрге айналмақ. «Адалдық алаңы» жобасы аясында әкімдік жанындағы Open Space офисінің алаңында тұрғындардың көкейінде жүрген көптеген мәселелер қаралатын болады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Іс-шараға аудан әкімі Әсет Масабаев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары, Nur Otan партиясы мен Медеу аудандық полиция басқармасының өкілдері қатысты. Аудан әкімі кездесуді аша отырып, онлайн форматтағы мұндай шаралардың барлық тараптар үшін ыңғайлы, әрі тұрғындар өз көкейіндегі сұрақтарын қойып, атқарылған жұмыстар туралы есептермен таныса алатынын айтып өтті.
«Шешілмей жатқан мәселелерді көтеру, осы «Адалдақ алаңы» аясында іске асыруды жоспарлап отырмыз. Осы форматтағы жұмысты ары қарай жалғастырамыз. Әр бейсенбіде аудандағы инженерлік құрылымдар бойынша, коммуналдық мәселелер, оқу мәселелері, медициналық қызмет көрсету сияқты қордаланған мәселелердің бәрін көтеріп, сұрақтардың бәріне жауап беруге тырысамыз», – деді Медеу ауданының әкімі Әсет Масабаев.