«Халық алғысы» медалін алған алматылық еріктілер Мемлекет басшысына алғыс білдірді

03.10.2020 в 22:28

Еріктілер COVID-19-мен күреске қосқан үлесі үшін марапатталды

Бүгін алматылықтар коронавирус инфекциясымен күреске қосқан үлесі үшін «Халық алғысы» медалімен марапатталды. Марапатталғандардың арасында дәрігерлер, еріктілер және БАҚ өкілдері бар, деп хабарлайды Almaty.tv қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Бүгін біз керемет іс-шараға қатысып отырмыз. Бізді «Халық алғысы» медальдарымен марапаттады. Осындай қиын кезеңде бүкіл елмен бірге болу және өз халқына көмек көрсету, нәтижесінде назардан тыс қалмау және осындай маңызды марапатқа ие болу-үлкен құрмет. Мемлекет басшысына, Алматы қаласының әкімдігіне елімізде волонтерлік қызметтің дамып келе жатқаны үшін алғыс айтамын, бұл іс одан әрі жалғасады деп сенемін», - деді «Қазақстанның Медицина жастары» республикалық қоғамдық ұйымының еріктісі Тілеубек Нұридин.

Қалалық волонтерлердің, жастар ұйымдарының еңбегі назардан тыс қалған жоқ.

«Пандемияның басында, әрине, өте қиын болды, біз қиын кезеңді бастан өткердік. Біздің еріктілер қаланың жедел штабымен бірге барлық күштермен жұмыс істеді. Мұқтаж жандарға көмектесіп, жан-жақты көмек көрсетті. Осы марапат үшін Президентке, қала әкімдігіне рахмет, біздің еңбегіміз назардан тыс қалмады. Барлық қазақстандықтарға денсаулық және коронавирус пандемиясының тезірек өтуіне тілектеспін», - деді Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қорының еріктісі Тастанбек Нұрсұлтан.

Алматыда «Халық алғысы» медалімен түрлі бағыттар бойынша 275 адам марапатталды, олардың 70%-ы –  медицина қызметкерлері. Бұған дейін ҚР Президентінің Жарлығымен коронавирусқа қарсы күресте ерекше көзге түскен азаматтарды көтермелеу үшін «Халық алғысы» медалі тағайындалғаны хабарланған болатын.