Алматының бас жоспары ғылыми қызметкерлердің талқылауынан өтіп дайын тұр. Ауқымды жоба бекітілсе, шаһарда зәулім ғимраттар салынып, көлік логистика саласы қарқын алмақ. Бұл туралы қалалық Жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахмеджанов хабарлады. Бас жоспар аясында қаланы дамытудың қандай басты бағыттары көрсетілген? Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғынның репортажында.
Қаланың бас жоспары – шаһардың тұрақты дамуын қамтамасыз ету мен қолайлы әрі жайлы орта қалыптастыруға бағытталған ауқымды жоба. Мұнда көпшіліктің көңілін күпті еткен көпқабатты үйлер мен жеке тұрғын үй секторлары арасына қабаттаса салынған құрылыс туралы да оң шешімдер қабылданған. Алмасхан Ахмеджановтың айтуынша, жобаны бекіту жұмыстары наурыз айында жүзеге асады деп жоспарланып отыр.
«Ережеде қала құрылысын ретке келтіру мен аумақтарда құрылыстың тығыздығы және салынатын ғимараттардың биіктігі қандай болу керек екені көрсетілген. Одан бөлек, жаңа ережеде көрсетілгендей, қала аумағында бой көтеретін ғимараттар жергілікті тұрғындардың рұқсатымен жүргізілетін болады», – деді қалалық Жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахмеджанов.
Бұдан былай қаладағы тарихи маңызы бар нысандардың жанына құрылыс жұмыстарын жүргізу қатаң қадағаланатын болады. Олардың жанынан кез келген ғимаратты салу талқылаудан өткеннен кейін ғана мүмкін болады. Басты міндет – шаһардың бұрыннан қалыптасқан тарихи келбетін сақтап қалу. Мұны қала әкімі жауапты мамандарға тікелей тапсырды.
«Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, жүргізілген мониторинг нәтижесіне сәйкес, тарихи маңызы бар нысандардың жанында 36 жеке мердігер компаниясының құрылысы жүріп жатқаны анықталды. Оның сегізінде құрылыс жұмыстары уақытша тоқтатылды. Жаңа ережеге сай ұйым өкілдерімен жұмыстар жүргізітін боламыз», – деді қалалық Жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахмеджанов.
Одан бөлек, бас жоспарға сәйкес бірқатар жобаларды іске асыру да көзделіп отыр. Оның бірі Алматы-1 және Алматы-2 темір жол вокзалында поезд жолдарын кеңейту. Сондай-ақ Талғар, Есік Ұзынағаш бағытына трамвай желісінің құрылысын салу да жоспарда бар. Ол сәйкесінше заманауи талапқа сай, жеңіл рельсті көлік ретінде пайдалануға берілмек.
Ұлағат Арғын, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы