Төрт мың ағаш отырғызылып, суару жүйесі жүргізіледі
Алматының «Қарасу» шағынауданындағы қараусыз қалған жер енді саябаққа айналады. Бұл туралы мегаполис басшысы Ерболат Досаевтың жұмыс сапары барысында Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
- Тұрғындар саябақ ашуды сұрады. Негізінен ағаш отырғызуды қарастырамыз, ЭБЖ астына аласа ағаштар мен бұталарды отырғызуды жоспарлап отырмыз, сондай-ақ кеспе тас төселген аллея болады, орындықтар, урналар қойылады, суару жүйелері болады, - деді Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков.
Сонымен қатар 4000-ға жуық ағаш отырғызу, суару жүйесін жүргізу қарастырылған. Шағын аудан тұрғындары болашақта демалатын аллеяның жалпы ұзындығы – 800 м, абаттандыру аумағы - 37 мың м2 құрайды.
- Қараусыз қалған аумақты ретке келтіру, ағаш отырғызу және абаттандыру жоспарлануда. Көшенің басқа бөлігіндегі аллеяның жалғасын қолға алмастан бұрын, осы бөліктегі жұмысты аяқтаған жөн. Барлығы қалай жасалатыны іс жүзінде көреміз. Жұмысты әрі қарай жалғастыру оңай болады, - деп түсіндірді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Сондай-ақ тұрғындар қала әкімінен Қарасу шағынауданына жаңа бағытты іске қосуды сұрады. Ерболат Досаев қалалық мобильділік басқармасына жаңа бағытты енгізу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды, бірақ ең алдымен, жол жөндеу жұмыстарын аяқтау қажет.
Оқи отырыңыз: Алматының 14 аумақ шағынауданындағы жеті жылға ұласқан ауыз мәселесі шешілді