Мемлекеттік бағдарламаның көмегі
Алматыда жыл басынан бері 350 азамат мемлекеттік бағдарлама аясында жұмысқа тұрған. Мамандық бойынша бастапқы тәжірибе жинап, кейіннен тұрақты қызметпен қамтамасыз етуді көздейтін бұл бағдарлама – «Жастар тәжірибесі» деп аталады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Өткен демалыс күндері аталған жобамен халықты таныстыру үшін қала бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
«Қазіргі таңда өзіміз білетіндай жастардың көбі диплом алып басқа да жұмыспен айналысып, диплом бойынша істемей жатқан жағдайлары бар. Соған байланысты, біз жастарды жұмысқа тартып, түсіндіру жұмыстарын жүргізейік, елімізде оларға арналған бағдарламалар іске асып жатыр деп түсіндірейін дедік. Алдағы уақытта да мұндай жұмыстарды жалғастыра бермекпіз», – деді Медеу аудандық жастар ресурстық орталығының үйлестірушісі Дидар Ділдәбек.
Сондай-ақ, ақпараттық хатта қалалық есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының сенім телефоны көрсетілген. Нашақорлықтың алдын алуға бағытталған бұл шара бүгінге дейін біршама нәтиже көрсетіп үлгеріпті.
«Екі күннің ішінде біз 500-ге жуық адамға түсіндірдік. Есірткіге қарсы бойынша сенім телефонын қалай қолдану керек, ғимараттардағы жазуларды көрсеңіздер немесе есірткіні тығып отырған адамдарды көрсеңіздер, сенім телефонына жіберіңіздер, оның бәрі жасырын түрде болады. Біз бірлесіп есірткімен күресуіміз керегін түсіндіріп жатырмыз», – деді Бостандық аудандық жастар ресурстық орталығының үйлестірушісі Әділ Нұрпейісов.