|
09.04.2024 | 17:24
1941

Алматы – ортақ үйіміз: Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің ауласында көшет отырғызылды

Ұйымдастырушылар қатысушыларға ахметтанушы ғалымдардың кітабын сыйға тартты

Алматы – ортақ үйіміз: Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің ауласында көшет отырғызылды Almaty.tv

Алматыда тазалық науқаны жалғасып жатыр. Ауқымды акция бүгін Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің ауласында өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Гүл егіп, ғаламыңды нұрландыр». Осындай атаумен ұйымдастырылған тазалық акциясының өзіндік ерекше мәні бар. Өйткені бүгінгі науқан жиналған жастарды тек экологиялық мәдениетке емес, ұлттық құндылыққа да тәрбиеледі. Белсенді атсалысқан білімгерлер мен мектеп оқушылары іс-шара барысында күй шертті, артынша көшет отырғызды. Игі бастамаға мұрындық болғандар «табиғатты аялау – әрбіріміздің ортақ міндетімізге айналуы керек» дейді.

– Өзіміздің сүйікті, әсем қаламызға қамқорлық көрсетуге мүмкіндік деп білемін. Музейлер бірлестігі ай бойы 10 музейде түрлі іс-шара ұйымдастырамыз. Оның ішінде тазалыққа оқушыларды баулу, көгалдандыру жұмыстары бар, – деді Алматы қаласы Музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Сағындықова.

Тазалық науқанына зиялы қауым өкілдері мен қоғам белсенділері, өнер қайраткерлері де қатысты. Гүлзар алаңының топырағын қопсытып, гүл мен көшет отырғызған олар бұл жобаның өскелең ұрпақ үшін маңызы зор екеніне тоқталды. Іс-шараға қуана келгендерін айтып, игі бастаманың алдымен тарихи орында өткеніне дән риза.  

– Бұл – Ахмет Байтұрсынұлы ағамыздың рухы асқақтаған жер. Осы жерде ол кісінің бәтеңкесінің ізі қалған. Қасиетті, киелі шаңыраққа келіп, қолғабыс тигізіп жатырмыз, үлкен ғанибет деп есептеймін, – деді ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ұлықбек Есдәулет.

Науқан соңында ұйымдастырушылар қатысушыларға ахметтанушы ғалымдардың кітабын сыйға тартты. «Алматы – ортақ үйіміз» акциясы аясында музей қызметкерлері осындай 21 іс-шара өткізуді жоспарлап отыр. Бұл ретте 200-ден астам гүл, 100-ден аса жеміс ағашы отырғызылып, дөңгелек үстел өтпек. Аталған шаруалардың барлығы республика бойынша бастау алған «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылып отыр.  

Айта кетейік, ауқымды акция 4 аптаға бөлінген. Алғашқы жеті күнде, яғни 14 сәуірге дейін коммуналдық қызметтер мен аудан әкімдіктері қалалық инфрақұрылымды ретке келтіреді. Апталық «Біздің қала – біздің көше» деп аталады. Науқанға табиғатқа жанашыр әрбір тұрғын қатысып, үлесін қосуына мүмкіндік бар.

Аяулым Көлжігіт, Ғани Қалуов, Ханкелді Ахметханов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Үздік аула: «Алматы-біздің ортақ үйіміз» акциясы аясында байқау жарияланды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир