Базардың іші күнделікті екі рет дезинфекцияланады
Бүгін Алатау ауданы әкімінің орынбасары бастаған бақылау тобы жұмыс істеп тұрған ашық базарларда санитария талаптарының қалай орындалып жатқанын тексеруге шықты. Киім-кешек сататын сауда нүктесінде базар әкімшілігінің тазалық шараларына үлкен жауапкершілікпен қарайтыны байқалады. Келушілердің әрқайсысы арнайы туннельден өтіп, бетпердесіз жүргендерге жеке қорғаныш құралдары үлестіріледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Базардың іші күнделікті екі рет дезинфекцияланады. Ал ішке кірген автокөліктерді дезинфекторлар міндетті түрде залалсыздандырады.
Сатушылар өздеріне тиесілі аумақта арақашықтық сақталуы керек екені жайлы хабарламалар іліп, қажетті антисептик, қолғап, маскаларын алып қойған. Олар соңғы кезде адам саны азайса да, сауда дүңгіршектерін күнде жуып-тазалаймыз дейді.
Әйтсе де әкімдік өкілдері мен санитария мамандары кәсіпкерлерге мынадай ескерту жасады.
«Өжет» базарында болдық. Ол жерде норманың барлығы толық орындалып жатыр десек те болады. Оларға қолданылған маскаларды тастайтын бөлек жәшіктер болмағандықтан, оларға ескерту берілді. Күнделікті маскалық режим дейміз, арақашықтық сақтау, сол бойынша күнделікті жұмыс жасалып жатыр», – деді Алатау ауданы әкімінің орынбасары Жеңіс Садырханов.
Ал мына базарда келген әрбір машина дезинфекциядан өткен соң ғана ішке кіруі тиіс еді. Бірақ құрылыс заттарын саудалайтын бұл орында талаптар бірде сақталса, енді бірде немқұрайлы орындалатын сыңайлы.
Оқиға болған жерден:
– Екі машина жаңа кіріп кетті ғой біздің алдымызда. Жуылған да жоқ, адамның дене қызуын өлшенген де жоқ.
Базар сатушылары бутиктердің ішін 2-3 сағат сайын жуып, сүртіп отырамыз деген еді. Бірақ нақты немен, қалай тазалайтынын көрсете алмады.
Аталған олқылықтар базар басшылығына ескертілді. Түзелмеген жағдайда кәсіпкерлерге айыппұл төлеуге тура келеді. Ал жазаның бұл түріне бағынбағандардың жұмысы уақытша тоқтатылады.
«Кәсіпкерлердің барлығы маскамен жүреді, жұмыс уақытында қолғап киеді. Мына бутиктердің ішін 2-3 сағат сайын тазалау керек деп айтып тұр. Оны негізі жасалынады бізде. Ертең қадағалаймыз», – деді құрылыс базары директорының орынбасары Біржан Бекмұхамедов.
Жалпы Алатау ауданында карантин режиміне байланысты 5 сауда орталығы мен 4 сауда үйі жабылған. Тек ашық кеңістікте істейтін 8 базар жұмысын жалғастырып жатыр. Мамандардың айтуынша, демалыс күндеріне қарамастан, ауданда құрылған 12 мониторингтік топ күнделікті адам көп жиналатын орындарға, ашық базарлар мен кәсіпкерлік нысандарға тексеріс жүргізеді.
Назкен Еркін, Рашит Шүкірәлиев, «Алматы» арнасы