Алматының Жетісу ауданында көпқабатты үйлердің тұрғындары жарықтың жиі өшетінін айтып шағымданды. Тозығы жеткен ескі сымдардан шыққан ақау 100-ден астам отбасын әбігерге салды. Жарық жоқ болса, судан да, газдан да, жылудан да айырылып, мазасы қашқан жұрт шаруаның тездетіп шешілуін талап етіп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жетісу ауданындағы екі көпқабатты үйдің тұрғындары 3 жылдан бері жарық мәселесінен мезі болған.Олардың айтуынша, көктем келісімен трансформатор істен шығып, жұрт 10 күн қатарынан қараңғыда отыратын көрінеді.
– Үш жылдан бері мамырдан бастап жазда жарық болмайды. Бізде газ жоқ. Бәрі де тоқпен жұмыс істейді, – деді қала тұрғыны Маржангүл Шәріпова.
– Жарық үшінші күн қатарынан жанбады, тамағымыз, азық-түлік, ет бұзылып кетті. Бұл не деген сұмдық? Мен мұндайды бірінші рет көріп тұрмын. Тамақ дайындау былай тұрсын, бала-шағама қарай алмай әлек болдық. Қойған электр генераторы үнемі сөніп қалады, – деді қала тұрғыны Кәмилә Майлыбаева.
Тұрғын үйде жарық желісі орталықтандырылмаған, жекенің меншігінде өткен. Көктем мен жаз айларында тоқтың жиі ажырауынан тұрмыстық техника істен шығып, жұртты шығынға батыратын сыңайлы.
– Станцияға хабарласқанда, жекеменшік компанияға қарайтынымызды айтты. Ол компанияны анықтап, сөйлестік, бірақ ешкім көмек не тексеріс жібермеді. Жарық 4 күн болмады, ал былтыр тіпті 10 күн жарықсыз қалдырған, – деді қала тұрғыны Елена Скрипкина.
Тұрғындар трансформаторлық қосалқы стансаның қожайыны жөндеуге қаражат салмайтынына наразы. Меншік иесі құрылғыны 1990 жылы алған. Содан бері жоғары вольтты желілер ескірген.
– Екі күн іздеп, 2 жерден ақау таптық. Кабельдер әбден ескірген. Күндіз-түні жөндеумен айналысып, ақыры бітірдік. Проблеманың барын мойындау керек. Себебі желілерге 70 жыл болды. Әдетте көктем келгенде бұзыла бастайды, – деді трансформаторлық қосалқы стансаның иесі Ерлан Тұрғанов.
Меншік иесінің сөзінше, ескірген сымдарды ауыстыру үшін қыруар қаражат қажет. Сондықтан қазір тұрғын үйлерді басқа қосалқы стансаға қосу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Әйкерім Пернебек, Мадина Исюмбаева, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Үздік аула: алматылық әйел лайфхакпен бөлісті