Жобалар тұрақты әрі тиімді қала кеңістігін құруға бағытталған
Алматы әкімдігі қаланың 2040 жылға дейінгі Бас жоспарына сәйкес әзірленген егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын (ЕТЖ) бекітті. Бас жоспарда мегаполисті дамытудың моноцентристік моделінен полицентрлікке көшу қағидасы көрсетілген, яғни қала «Шығыс қақпасы», «Тарихи орталық», «Солтүстік», «Оңтүстік-батыс», «Батыс» сынды 5 қоғамдық және іскерлік қызмет орталығына бөлінеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Алматыны дамуытудың негізгі қағидасының бірі - балабақшаларға, мектептерге, медициналық мекемелерге және аялдамаларға жақын маңдағы қолжетімділік.
Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының хабарлауынша, мегаполисте нүктелі құрылыс болмайды, барлық қайта жаңарту жобасы қажетті инженерлік, коммерциялық және әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуін ескере отырып, кешенді түрде қаралады.
ЕТЖ бойынша 2040 жылға қарай әрбір қала тұрғыны үшін балабақшалар үйден орта есеппен 300 метр жерде, мектептен 500 метр қашықтықта, ал медициналық мекемелер тұрғылықты жерінен ең көбі бір шақырым жерде болады деп көзделген.
Мысалы Түрксіб ауданында мектептер мен медициналық мекемелердің саны 1,5 есе, балабақшалар саны 3 есе өседі. 7 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынады.
Наурызбай ауданында мектептер саны 2 есе балабақшалар саны 10 есеге артып келеді. Сонымен қатар, 11 жаңа медициналық мекеме, 8 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, музей, екі жаңа театр мен кітапхана жоспарланған.
ЕТЖ-ға сәйкес, Бостандық ауданында 8 мектеп, 5 балабақша, 3 медициналық мекеме, 2 дене шынықтыру-сауықтыру кешені сынды жаңа әлеуметтік инфрақұрылым құру ғана емес, сонымен қатар, 4 кітапхана, 1 музей, 1 театр сынды жаңа мәдени нысандар құру да көзделген.
Алмалы ауданында жаңа әлеуметтік инфрақұрылым құру негізінен мектептерге бағытталған – бұл 8 нысан және 10 балабақша. Музейдің де құрылысы жоспарланған.
Медеу ауданының аумағындағы әлеуметтік инфрақұрылым қазіргі олқылықтың орнын толтыруға бағытталған: бұл 14 мектеп, 16 балабақша, 11 медициналық мекеме, 5 дене шынықтыру-сауықтыру кешені және кітапхана.
Жолаушылар инфрақұрылымын кеңейту көзделіп отыр, 2027 жылға қарай – қазіргі қолданыстағы 1208 аялдамадан 1245 аялдамаға дейін артып, ең жақын аялдама кешеніне 5-7 минут ішінде баруға болады.
Жалпы, ЕТЖ тұрақты және функционалды қалалық кеңістік құруға бағытталған. Ол қала құрылысын аймақтарға бөлудің, қызыл сызықтардың, халыққа әлеуметтік, мәдени және коммуналдық қызмет көрсету нысандарын орналастыру үшін аумақтарды резервтеудің, көше-жол желісін ұйымдастырудың, инженерлік коммуникацияларды жүргізудің, аумақтарды абаттандыру мен көгалдандырудың негізгі бағыттарын белгілейді.
Оқи отырыңыз: Мегаполис тазалығына қатысты жұмыс алгоритмі қайта қаралды