Алматыда алғаш рет мәдени іс-шаралар индустриясының мәселесі талқыланды

Almaty.tv
Almaty.tv
Форумды өткізудегі басты мақсат – мәдени іс шараларды өткізудің жаңа форматтарын қарастыру
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда алғаш рет мәдени іс-шаралар индустриясының мәселесі талқыланды. Eurasian Event Forum әлемді дендеген пандемияға байланысты екі күн бойы онлайн форматта өтеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оған ТМД елдері, Англия, АҚШ-тың мамандары қатысып жатыр. Форумды өткізудегі басты мақсат – мәдени іс шараларды өткізудің жаңа форматтарын қарастыру.

«Біздің қызмет көрсететін сала пандемия кезінде қатты зардап шекті. Дегенмен қол қусырып отырмай, мәселені шешудің жаңа жолдарын іздеу қажет. Бұл форум мамандардың ойын талқыға салып, осындай жағдайда не істеу керектігін шешуге арналған. Әрине, қазір бізде онлайн қызмет көрсету дамып келеді. Осылайша нарықта таңдау кеңейді. Бастапқыда қайта қалыпқа келу қиын болды», – деді Еуразиялық іс-шаралар қауымдастығының жетекшісі Тимур Балбаев.

Қатысушылар пандемия кезінде тоқырауға ұшыраған саланы дамыту жайын қозғады. Өйткені індет кезінде түрлі шара ұйымдастыратын агенттіктердің 90 пайызы табыстан айырылған. Компаниялардың 80 пайызы жұмысшыларын қысқартуға тура келіпті. Елімізде 20 мыңнан аса ивент орталықтар қолдауға зәру.

«Қазіргі жағдайға байланысты әртістерге уақытша онлайн өнер көрсетуге тура келіп тұр. Былайша айтқанда, әркім өз күнін өзі көріп жүр. Өзінің аудиториясы қалыптасқан өнер адамдарына айтарлықтай оңай. Олар онлайн концерт өткізіп, пайда табуына болады. Ал шараны ұйымдастыратындар мүлде жұмыссыз қалды», – деді «Rockafisha» концерттік агенттігінің негізін салушы Владимир Кравченко.

Новости партнеров