Жыл соңына дейін 2180 тұрғынға баспана кілтін тапсыру жоспарланған
Алматыда биыл 280 азамат жаңа пәтерге қоныстанған. Олар Әуезов, Алатау, Бостандық пен Жетісу және Медеу аудандарындағы апатты деп танылған 10 үйде тұрған. Сол 70 отбасы заман талабына сай абаттандырылған тұрғын үй кешендерінен баспаналы болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Пономаревтар отбасы бұл пәтерге наурызда қоныстанған. Жаңа баспанаға олар тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасы бойынша қол жеткізді. Олар өткен ғасырдың 30-жылдары салынған екі қабатты апатты үйде тұрған. Жаңа пәтерді Алматы қаласы әкімдігіне қарасты Күрделі құрылыс кәсіпорнының тұрғын үй қорынан таңдаған.
– «Қашан қауіп төнеді?» деп үреймен өмір сүріп келдік. Мұнда көшкелі көңіліміз тыныш. Жаңа пәтер ұнады. Базар, ойын-сауық орталықтары, мектеп, балабақша, емхана да қарыс қадам жерде орналасқан. Қоғамдық көлік те жиі қатынайды. Алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ризамыз, – деді қала тұрғыны Антонина Пономарева.
Бағдарлама шарттарына сәйкес, жаңа пәтердің ауданы бұрынғыдан 10 шаршы метрге артық болады. Ол үшін қосымша ақы төлеудің қажеті жоқ. Сондай-ақ құрылыс кезінде тұрғындарға тегін уақытша пәтер беріледі немесе Алматы қаласы әкімдігіне қарасты күрделі құрылыс кәсіпорнының тұрғын үй қорынан дайын баспана таңдап, тұрақты түрде сонда қоныстана алады. Ал сүрілген үйлердің орнына паркинг, спорт алаңы бар заманауи тұрғын үй кешендері бой көтереді деп жоспарланған.
– Азаматтар қоныстанып жатқан пәтерлер таза әрленген күйінде ұсынылады. Үйлерге интернет, өртке қарсы дабыл орнатылды. Қазір 2030 жылға дейін жаңарту бағдарламасының жобасы әзірленді. Онда ескі үйлердің иелері, инвесторлар мен уәкілетті ұйымдар арасындағы қарым-қатынастарды реттеу сияқты жаңа тетіктер көзделеді, ескі пәтерді беру тәртібі көрсетіледі. Сондай-ақ былтыр қабылданған қаланың жаңа бас жоспары ескерілетін болады. Мұның бәрі процесті жеделдетуге мүмкіндік береді, – деді «Алматы қаласы әкімдігінің күрделі құрылыс кәсіпорны» ЖШС басқарма төрағасы Ринат Құрманов.
Айта кетейік, жыл соңына дейін Алматыда тағы 54 үйдің 2180 тұрғыны жаңа пәтерде қоныс тойын тойлайды деп жоспарланған. Мақсат – қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартып, құрылыс саласына инвестиция тарту.
Гүлмарал Изатқызы, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Қарғын су: СҚО-да тұрғындарға баспана кілті табысталды