Алматы Батыс Қазақстандағы су тасқынының салдарын жою үшін арнайы техника жібереді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің тапсырмасына сәйкес Алматы қаласының әкімдігі Орал қаласына қызмет көрсететін персоналы бар арнайы мақсаттағы машиналарды жөнелтуді ұйымдастырды.
Алматы қаласынан 51 техника Орал қаласында орналасқан. 12 сәуірде теміржолға самосвалдар, грейдерлер, бульдозерлер, сондай-ақ тиегіштер кіретін құрам жіберілді.
Су тасқыны салдарын жою бойынша тәулік бойы жұмыс істеу үшін арнайы техниканың 400-ге жуық жүргізушісі жіберіледі, көмекші персонал құрамында дәрігерлер, ТЖ қызметі және әкімдік қызметкерлері қатысады.
Оралға келгеннен кейін құрылған жедел штабты Алматы қаласы энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы Талғат Малыбаев басқарады.
- 47 бірліктен тұратын бірінші партия 12 сәуірде жіберілді, таңертең екінші партия жіберіледі. Бүгінгі таңда Орал қаласында 51 бірлік техника орналастырылған, - деп түсіндірді Талғат Малыбаев.
Сонымен қатар, Алматы кәсіпкерлері, ірі құрылыс компаниялары зардап шеккен аймаққа көмек көрсету үшін механизаторлармен және жүргізушілермен арнайы техникаларын ұсынды.
Толық автономды жұмысты қамтамасыз ету үшін персонал далалық ас үймен, биодәретханалармен және далалық шатырлармен, өрт сөндіру техникасымен, ассенизатормен, су таситын көлікпен, жылжымалы командалық пунктпен, сондай-ақ басқа да қажетті құралдармен жабдықталған.
Айта кетейік, жоспарға сәйкес Алматы қаласының әкімдігі 200-ден астам арнайы техника жібереді.
Құрамның техникамен және қызметкерлермен баруы дүйсенбі, 15 сәуірде күтіледі.
Алматы ТЖД-дан Атырау облысына жол бойында 3 бірлік техника жіберілді, оның ішінде: «КаМАЗ» шассиіндегі 2 өрт-сорғы станциясы, үлкен көлемдегі суды соруға арналған жеңді өрт сөндіру автокөлігі, сондай-ақ жеке құрамның 7 адамы.
Оқи отырыңыз: Бельгиядағы қазақтар су тасқынынан зардап отандастарына көмек жинап жатыр