Бұл – карантиннен кейін оффлайн форматта ұйымдастырылған алғашқы іс-шара
Бүгін Сапарғали Бегалин атындағы орталық қалалық балалар кітапxанасында қала күніне орай «Әсем қала – Алматы» атты мерекелік концерт өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл – карантиннен кейін оффлайн форматта ұйымдастырылған алғашқы іс-шара. Мұнда балалар ару қалаға деген махаббатын өлең жолдары арқылы жеткізді. Сондай-ақ, жастар домбыра мен жетігенде ойнап, бүлдіршіндерге дәстүрлі аспаптарды дәріптеуге тырысты. Шара барысында «Мың жылдық шаһар, Алматым, дәуірлер көшін бастаған» атты кітап көрмесі таныстырылды. Онда жас оқырмандар қала тарихы, оның түрлі кезеңдердегі суреттері мен дамуы туралы жан-жақты ақпарат алды. Айта кетейік, бұл кітапханаға 16 жасқа дейігі балалар келіп, домбыра, шахмат, актерлік шеберлік , ағылшын тілі үйірмелеріне тегін қатыса алады.
«Біз карантин кезінде онлайн форматта түрлі жұмыстар жүргіздік. Соның арқасында сүйікті оқырмадарымызбен байланысымыз үзілген жоқ. Ал бүгін қала күніне орай, санитарлық талаптарды сақтай отырып, іс-шара өткізіп жатырмыз. Шынымды айтсам, оқырмандарымызбен қайта қауышқанымызға өте қуаныштымыз», – деді С. Бегалин атындағы орталық балалар кітапханасының басшысы Алма Куанарова,
Кішкентай оқырмандар да кітапхана есігінің айқара ашылғанына дән риза. Енді сүйікті кітаптарымды оқып, уақытымды тиімді өткізе аламын дейді 6 жасар Аңсар Жаңғазы.
«Бүгін мен кітапхана оффлайн басталғанына өте қуаныштымын. Өйткені мен кітапты оқуды жақсы көремін. Енді мен бос уақытымды кітап оқумен өткізе аламын», – деді оқырман Аңсар Жаңғазы.