«Таза Қазақстан» республикалық науқаны және «Алматы – біздің ортақ үйіміз» қалалық науқаны аясында «Алматы – бақ қала» акциясы өтті. Әуезов ауданында 5 шағынауданның скверіне 400 көшет отырғызылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Іс-шараға жастар, ардагерлер, әлеуметтік сала, отбасын қолдау орталығы, «Өрлеу» әлеуметтік клубының қызметкерлері қатысты. Әуезов ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы Бәтима Ибраева, қоғам қайраткері, Алматы қаласы мәслихатының бұрынғы депутаты Төлеуғали Тайтөлеев, сондай-ақ Н. Сац атындағы театрдың актрисасы, Әуезов ауданының комьюнити орталығының басшысы және т.б. ағаш отырғызды.
«Алматы – біздің ортақ үйіміз!» науқаны - бұл қаланы жаңғыртуда тамаша мүмкіндік, көктем әрқашан тазарып, жаңарып, көркейетін шақ. Қыс бойы жиналған қоқыс шашылып, көше мен аула жаман көрінеді. Сондықтан болашақта осындай іс-шараларды міндетті түрде өткізіп, тазалыққа атсалысамыз», - деді Бәтима Ибраева.
Көшеттерді отырғызумен қатар, белсенділер құстарға арналған 30 құс ұясын орнатты.
Естеріңізге сала кетейік, акция барысында 8 мыңнан астам ағаш отырғызылды, оның ішінде 4 мыңнан астамы алма. «Қарағайлы орманы» саябағының аумағында 500 алма және өрік көшеті, «ALA» саябағының аумағында 2270 көшет және Боралдай өзенінің бойындағы бақылау алаңында 1000-ға жуық көшет отырғызылды.