Бұл туралы жұмыс сапары барысында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров мәлімдеді
Алматы әкімдігі жаңа саябақтар салу мен жұмыс істеп тұрғандарын реконструкциялау бойынша қызу жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл туралы жұмыс сапары барысында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Журналистерге Бәйсейітова көшесінің бойындағы аумақты абаттандыру жұмысының аяқталуы көрсетілді. Жобаны «Алматыбасжоспар» ғылыми-зерттеу институты ЖШС 2021 жылы әзірлеген, бұл жер «белсенді» және «тыныш» аймақ болып екіге бөлінеді. Белсенді аймақта футбол және волейбол алаңы, үстел теннисі ойнауға арналған алаңы бар балалар және спорт алаңдары салынды. Сонымен қатар аумақта 1264 шаршы метрлік экстремалды спорт түрімен айналысуға арналған қаладағы ең үлкен скейт алаң құрылды, оның элементі монолитті темірбетоннан жасалған. Скейт алаңның эскиздік жобасын «Алматы қ. скейтбординг федерациясы» ҚБ және халықаралық жарыстарға қатысушы кәсіби спортшылар мақұлдаған. Оның құрылысы барысында сарапшылар скейт алаңын пайдалану тиімділігін арттыру және жарақат алу қаупін азайту үшін ұсыныстар айтқан. Механикалық зақымданған элементтердің жиегінің беріктігі мен пайдаланушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін болат профильмен нығайтылды. Скейт алаң самокат, ролик, скейт, велосипед сынды әртүрлі спорттық жабдықтарға арналған.
Әкімнің орынбасары атап өткендей, Бәйсейітова көшесіндегі аумақты абаттандырумен қатар, былтырдан бастап ҚБТУ мен Оқушылар сарайының жанындағы скверлер реконструкциядан өтті, Бұқтырма–Майлин көшелерінің қиылысында және Есентай өзенінің бойында екі жаңа саябақ – «Аспан» құрылды.
«Экологияны жақсарту мақсатында қала аумағындағы саябақтар мен жасыл желектердің санын көбейтіп жатырмыз. Қазіргі уақытта 2024 жылы құрылысы аяқталатын 6 жаңа және қолданыстағы 4 саябақтың құрылысы қолға алынды. Бұған қоса, 2025 жылы пайдалануға берілетін 12 жаңа және қолдағы саябақтардың жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалып жатыр», - деді Әлішер Әбдіқадыров.
Тур барысында БАҚ өкілдері Жетісу, Түрксіб, Алатау және Әуезов аудандарындағы жаңа саябақ аймақтарының құрылыс жұмысымен де танысты. Абаттандыру жобасын әзірлеу кезінде автоматты жүйенің көмегімен және қажет болған жағдайда ұңғымаларды бұрғылау арқылы жасыл желектерді суаруды ескеріледі. Қазіргі таңда Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасы мердігер ұйыммен бірлесіп 29 ұңғыманы бұрғылады, 500 мыңнан астам ағашты тамшылатып суаратын 5 су жинағыш салынды.
Айта кетейік, жобаны әзірлеу кезінде тұрғындардың қатысуымен міндетті түрде қоғамдық тыңдаулар өткізіледі.
Алматыда жалпы ауданы 977 га болатын 542 саябақ аймағы бар, онда шамамен 4 млн жасыл желек өседі. 2025 жылы саябақ аймақтарының аумағын 1 157 гектарға дейін, 2030 жылға қарай 1 457 гектарға дейін көбейту жоспарға енген.